Талдықорғанда балаларды оңалту орталығының асханасына қатысты шу шықты. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба қызу талқыланып жатыр. Онда аталмыш мекемеге саунадан тамақ жеткізілетіні айтылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жазбадан аспаздың антисанитариялық жағдайда тамақ дайындап, тағы бір адамның картоп аршып отырғаны байқалады. Ал оны түсірген ер адам «саунада дайындалған тамақ «Күншуақ» деген жерге жеткізіледі» дейді. Бейнежазбада аты аталған орталық директорының жеке кәсіпкердің атына шағым түсіруіне де осы түрткі болған.
– Келісімшарт бойынша жаңа жылда Талдықорған қаласындағы «Нават» кафесінде дайындалатынын айтқан. Оны күнделікті барып, тексеруге құқымыз жоқ, келген тауарды қабылдап аламыз. Күнделікті тамақ уақытында келеді. «Тағамда бұзылған, дәмсіз» деген ешқандай шағым жоқ, – деді «Күншуақ» балаларды оңалту орталығының директоры Жантас Әкімбаев.
Айта кетейік, 2023 жылдан бастап мекеме асханасы аутсорсингке берілген. Биыл тендерді талдықорғандық компания ұтып, балаларды ыстық тамақпен қамту үшін 16 млн теңге алған. Кәсіпкер келісімшартқа отырғанда тағам дәмханада дайындалады деп көрсеткен. Бірақ оны тексерген ешкім болмаған. Аталған істің анық-қанығын құзырлы орган анықтайтын болады.
Оқи отырыңыз: Қызылордада жарылыс болды