Таразда психиатриялық диспансерді жөндеген жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр. Себебі мердігер 60 күннен бері 60 жұмысшының айлық ақысын бермеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құрылысшылардың сөзінше, компания оларды жаз басында жұмысшы ретінде жалдаған. Азаматтар қара жұмыс істеген.Бірақ ақысын алар тұста «алдымен әкімдік ақша аудармады» деген жауаптылар көпшілікті «жұмыстарың шикі» деп құрылыс алаңынан қуып шыққан. Екі ай жұмыс істегендер еңбектің өтеуін ала алмай жүр.
– Электриктер жұмыс істеп жатыр. Бізді бұл жерден қуып шықты. Қиын жұмысты істетті. Оның айтуынша, басқа адам әкеледі, – деді жұмысшы Гүлнәр Смайылова.
– «Қолыңнан келгенді істеп ал. Баратын жеріңе барып, шағымдан» деді. Отыз үш жұмысшы бар, 2,8 млн теңгені кімге жеткіземін? Екі айда алғаным - 35 мың теңге. Қалғанын елге бөліп беремін. Бригадамен жұмыс істеймін, – деді жұмысшы Айман Қазақбаева.
Ал мердігер компания құрылыс алаңына өзге жұмысшыларды жалдап алған көрінеді. Айқайы ақ жағалыларға жетпеген жұмысшылар облыс әкімдігінің алдына барып көмек сұрады. Ал еңбек шартының жоғын көрген әкімдік жұмысшыларға сотқа жүгінуге кеңес береді.
Осы тұста айта кетейік, аталған жағдайға қатысты сұрауымызға жауап берген мердігер алдымен «азаматтардың жұмыстары сапасыз» десе, кейін «жұмысшылардың ақшасын төледім» деп мәлімдеді. Енді мәселе сот залында жалғаспақ.
Ал психиатриялық диспансерді жөндеу жұмысына қазынадан 1,7 млрд тг қарастырылған.
– 7 млн 690 мың теңге төленді. Ең соңғысын кеше аудардық. Қарыз емеспіз, бәрін төледік. Не сұрап тұрғанын білмеймін? – деді мердігер компанияның өкілі Съезбек Оспанов.
Оқи отырыңыз: Саунада дайындалған тамақ: балаларды оңалту орталығының асханасына қатысты шу шықты