Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді
Мемлекеттің мызғымас негізі саналатын рәміздер күнінде бас қалада әнұран әуелеп, көк байрағымыз желбіреді. Шаһардағы маңызды көшелердің бойында ту ілініп, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аспан түстес көк байрақтың кербез келбеті зәулім үйлерді одан сайын биіктете түскендей, көше бойымен өткен астаналықтардың көңіл түкпіріндегі рухын оятқандай әсер қалдырды.
– Бұл мереке бойымыздағы патриоттық сезімді ояту үшін керек, – деді қала тұрғыны.
– Керемет, өте әдемі! Түркияға барғанда әр дүкен мен үйде ту ілініп тұрады. Өсіп келе жатқан балаларды елін сүюге тәрбиелейміз, – деді қала тұрғыны.
Ту мен елтаңбаны, асқақ әнұранды әспеттеуге тұрғындар да ат салысты. Бәйтерек монументі алдына жиналған жұртшылық думанды іс-шараны дүбірге бөледі. Өнерпаздары қастерлі нышандарды ән-күйге қосты. Артынша көпшілік рәміздердің тарихына қатысты білім бәйгесіне қатысты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
– Рәміздер күніне орай, 2 маусымнан бастап қаланың үлкен сауда-ойын орталықтарында, алаңдарда, саябақтарында тұрғындармен викториналық ойындар өткізілуде. Сұрақтарға дұрыс жауап берген тұрғындарға арнайы сыйлық табысталды, – деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Әйкерім Жанарбекқызы.
Отандастардың рухын оятатын іс-шаралар легі бас қалада толастамады. Ұзын саны 500-ге жуық мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Сауда орталықтары мен қала көшелерінде мемлекеттік ту бейнеленген төсбелгілер мен жалауша таратылды.
Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Рәміздер күні: алматылық жастар флешмоб өткізді