Жамбыл облысында ауыл тұрғындары жайылым жерге жарымай отыр. Шағым айтқан қостөбеліктер «төрт түлігіміз кәріз суын ішіп, қоқысқа жайылып жүр» дейді. Себебі ауыл маңында Тараз қаласының қоқыс полигоны мен сарқынды суы жиналатын орын бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қостөбе ауылындағы 500-ге тарта тұрғынның көбі төрт түлікті кәсіп етеді. Бірақ соңғы жылдары мал басын өсіруге жайылым жердің аздығы қолбайлау. Тараздың сарқынды суы мен қоқыс полигоны елдімекенге тым жақын орналасқан. Сондықтан жұрт «малымыз жұтсыз-ақ қоқыс жеп қырылып жатыр» дейді.
– Ауыл тұрғындарының бәрі біледі. Целлофан жеп, мал өліп жатыр. Былтыр кәріз суын ішіп, целлофан жеп, аурудан, кене шағып 80-нен аса бас сиыр өлді. Сойсақ, кәдімгі пленка қатып қалғанын көрдік, – деді Қостөбе ауылының тұрғыны Ақылбек Күзембаев.
Жергілікті билік ауылдың еншісінде 712 гектар жер бар деп есеп берген. Бірақ тұрғындардың айтуынша, оның басымы тастақ болса, кей бөлігі сарқынды су жайылған жарамсыз алаң. Қалған алқап егістік және жекенің иелігіне өтіп кеткен. Жұрт жайылымға ауыл іргесіндегі жекеменшікке өткен жерлерді кері қайтаруды сұрайды.
– 103 гектарды жайылым деп сырттан көрсетеді. Бірақ ол – әркімнің жері. Олар бізге мал жайдырмайды, – деді Қостөбе ауылының тұрғыны Дабыл Рахманқұлов.
Шаруалар «жергілікті билік ұсынған жайылым жердің шөбі шүйгін емес» дейді. Олардың сөзінше, бұл аумақ көктемнің басында көгеріп, кейін сарғайып кетеді. Ал жауапты бөлім басшысы жекенің қолында кеткен жерлерді жыл санап қайтарып жатқанын мәлімдеді. Мәселен былтыр 4 ауылға тиесілі 235 гектар жер кері қайтқан. Бірақ жер иеленушілердің көбі жайылымды өз бағасынан қымбатқа бағалайтын көрінеді.
– 8 гектарын жекеменшік иелерінен қайтардық. Бүгінгі таңда жоғары бағалаған жер пайдаланушылармен келісім жүргізіп жатыр. Егер қайтармайтын болса, Жер кодексінің заң талаптарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін алу жұмысын жүргіземіз, – деді Жамбыл аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұлан Асылбеков.
Аудан билігі ауылдықтарға кең жайылым жер ұсынып отыр. Бірақ ол елдімекеннен 40-50 шақырым жерде орналасқан. Сол себепті аз мал асыраған шаруаға онда бару тиімсіз. Ал жауаптылар жекеге өткен жерлерді қайтарғанша, қараша төрт түлігін тастаққа жаюға мәжбүр.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысы
Оқи отырыңыз: Атырау облысында 250 тоннаға жуық шөп өртеніп кетті