Петропавлда көмірге кезек басталды

24.10.2023 01:48

Облыс халқының небәрі 50 пайызы көмірмен қамтылған

Almaty.tv

Петропавлда қыс түспей жатып, көмірге кезек басталды. Облыс тұрғындарының 50 пайыздан астамы әлі күнге дейін көмірмен қамтамасыз етілмеген. Енді олар күннің суығында жылусыз қаламыз ба деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

Петропавлға жеткізілген Шұбаркөл көмірін алу үшін 40-қа жуық жүк көлігі кезекте тұр. Көбі қатты отынсыз кетіп жатыр. Өйткені көмірді түске дейін талап әкетіп жатқан көрінеді. Ал Аққайың ауданынан келген Абылай Рамазанұлы өңірде қатты отын тапшы деп шағым айтты.

– Смирновтан келдім. Шұбаркөл көмірі жоқ, болмайды дейді. Қыс болды ғой, қай уақытта болады? Шұбаркөл көмірі болмағаннан кейін, қалаға келуге тура келді, – деді Аққайың ауданының тұрғыны Абылай Рамазанұлы.

Қатты отын алу үшін тұрғындар аудандардан таңғы сағат 4:00-де келуге мәжбүр. Сонда да олар  көмір жетпей жатқанын айтып налиды.

– Айғай шу, бәрі жанталас. Мен Явленкада тұрамын. Мұнда сағат 04:00-ден кезек күтіп тұрмын, – деді  Есіл ауданының тұрғыны Ербол Құдайбергенов.

Халық көп тұтынатын Шұбаркөл көмірінің бағасы да өскен. Былтыр 16 мың теңге тұрған қатты отын биыл 17 мың теңгеден саудаланып жатыр. Көмір сату орнының басшысы қымбатшылықтың жол шығынына байланысты туындағанын айтты. Ал кезек мәселесін қатты отынның осы түріне деген сұраныстың артуымен байланыстырды.

– Шұбаркөл көмірі тек осында сатылады. Сапасы жақсы болған соң, сұраныс та көп. Сондықтан кезекте тұрады, – деді көмір сату орнының басшысы Бақытжан Тұрмұхамбетов.

Облыс халқының небәрі 50 пайызы ғана көмірмен қамтылған. Қатты отын қажеттілігі әлі де 419 мың тоннаны құрайды. Ал жергілікті әкімдік кезектің туындауына тұрғындар өздері кінәлі деп отыр.  

– Көмірге қатысты қарбалас жылда қыркүйектен желтоқсанға дейін жалғасады. Көмірді жаз айынан бастап жеткізіп жатырмыз. Күн суытты, барлығы енді ғана көмір іздей бастады. Шұбаркөл көмірі бойынша бүгінде облыс бойынша 100 вагон бар, – деді СҚО әкімдігінің энергетика және ТҮКШ басқармасы бөлімінің басшысы Евгения Островская.

Петропавлда көмір сататын 4 қойма бар. Жауапты мамандар облыс бойынша қатты отын сақтайтын орындарда 38 мың тонна, ал Петропавл қаласында 2 мың тонна көмір қоры бар деп сендірді.

Нұргүл Алина, Қазбек Арықпаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Астанада кәсіпкер коммерциялық нысанын неге ала алмай жүр