Қандала емес, балалар уланды: Ақтауда қос білдіршін көз жұмды

24.10.2023 00:28

Жәндіктерді улаған пәтер иесінің үйінен белгісіз дәрінің 39 данасы табылған

Фото:pixabay.com

Ақтауда қос бүлдіршіннің өліміне себепші болған адам жауапқа тартылады. Пәтерінде улау тәртібін сақтамай жәндіктерді заласыздандырмақ болған көршіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұрсәуле Түменова – марқұм болған қос бүлдіршіннің туысы. Осыдан 2 күн бұрын түнде отбасы мүшелері жайсыз сезініп жатқанын айтып қоңырау шалған. Жақындары жедел жәрдем шақырыңдар деп кеңес береді. Таңға жуық 10 айлық және 2 жасар бала көз жұмған. Олардың белгісіз иістен уланып қалғанын сол кезде біліпті. Ал төменгі қабаттағы тұрғын қанадаланы өз бетінше улап, көршілерін ескертпей, кетіп қалған.

– Жиен келінім «апа, балалардан айырылып қалдым» деп таңертең хабарласты. Бүгін жаназасы болды. Біздің талабымыз - әділ сот, әділ шешім. Көршілер үндемей есігін кілттеп кетіп қалмай, ескертуі керек еді, – деді туысы Нұрсәуле Түменова.

Қайғылы оқиға №7 шағынауданындағы 14 үйінде болған. Жедел жәрдем екі баланың өлімінен кейін қалған 5 адамды ауруханаға жеткізген. Олар: 2015 және 2017 жылы туған балалар. Біреуінің жағдайы әлі де ауыр деп хабарлайды.

– Антидонт салып, дезинфекациялық терапия жүргізілді. Қазіргі таңда балалардың жағдайы орташа ауырлықта. Консилиум болады, бөлімшеге ауыстыру жоспарланып отыр. Қыз баланың жағдайы тұрақты, – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Мереке Бекбаев.

Бұл жағдай бойынша қаладағы бірнеше қызмет дереу жиналып, баспасөз конференциясын өткізді. Осыған дейін де 4 жағдай тіркелген. Ал жәндіктерді улаған пәтер иесі жарнамаға сеніп, улы затты базардан сатып алғанын жеткізді. Оның үйінен белгісіз дәрінің 39 данасы табылған.

– Эпидемиологиялық тексеру барысында сараптама уланған пәтер ішінде аммиак қышқылы мен көмірсу оксидінің шамадан тыс болғанын көрсетті. Олар улы газ бөліп, соның салдарынан отбасы уланып қалған. Препараттардың шыққан жері, құрамы белгісіз, – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасова.

– ҚР ҚК 304-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Сараптама қорытындысымен нақты шешім қабылданады. Улаған көршісі жауап береді, – деді  Маңғыстау облысы полиция департаменті ергеу басқармасының бастығы Нұралин Баржиков.

Қандаланы улаймын деп екі баланың өліміне себепші болған адамға енді 5-10 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау