Дрон-құтқарушы: әуе құрылғысы 3 келі жүк көтере алады

19.07.2023 в 00:19

Ол 15 рет іздеу-құтқару жұмысында қолданылған

Алматының тауында заң бұзғандарды дронмен қолға түсіреді. Әуе арқылы рұқсат етілмеген жерде от жаққандарды тауып, өрт ошақтарын анықтайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қомақты айыппұл арқалатса да, сан мың рет ескерту берсе де, рұқсат етілмеген жерде от жағатындар саны азаймай тұр. Енді барлау жұмысына дрон қолданылатын болады.

– Бүгінгі таңда таулы-орманды жерлерде от жағу оқиғасының алдын алдық. Жалпы сомасы 5 млннан асатын, 92 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт басқармасының аға инженері Нұрболат Аймұхамет.

Дрондар тек кәуап пісіргендерді аңду үшін қолданылмайды. Мамандардың айтуынша, ол – құтқару операциясы кезінде таптырмас құрал. Көлік пен адам жете алмайтын жердегі от ошақтарын жылдам анықтайтын көрінеді. Тау мен орманда адасқандарды табуға да септігін тигізеді екен.

Мамандардың айтуынша, ең үлкен дрон салмағы 3 келі жүк көтере алады, дәрі-дәрмек, азық-түлік тасиды.

– Әр дронның өзіндік мақсаты бар. Ең үлкен дронды барлық жағдайда қолдана аламыз. Өйткені оның жинағында жарық, тепловизор бар. Ол 6 мың метр биіктікке, 8 шақырым қашықтыққа ұша алады, – деді  Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Бекнұр Қалқабеков.

Айта кетсек, дрондар Алматының курорттық жерлерінде демалушы көбейгенде де іске қосылады. Төтенше жағдайлар департаментінің дерегіне сүйенсек, осы уақытқа дейін әуе құрылғылары 15 рет іздеу-құтқару жұмысында қолданылған.

Оразай Нұртайұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы