Петропавл қаласының тұрғындары құрылысқа қарсылық білдірді

Almaty.tv
Almaty.tv
Құрылыс басталған аймақта 318 пәтерден тұратын 4 үй бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ауламыздың қақ ортасына үй салмақшы». Осылай шағым айтқан Петропавл қаласының тұрғындары құрылысқа қарсылығын білдірді. Олардың айтуынша, мердігер компания автотұрақ пен ойын алаңын қоршап алып, онсыз да тар жерге 5 қабатты баспана тұрғызбақ. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған жұрт жауаптылардан құрылысты тоқтатуды талап етті, деп Almaty.tv хабарлайды

Ульянов көшесінде тұратын жұрт 5 қабатты тұрғын үй құрылысының басталғанын 2 апта бұрын естігенін айтады. Ауланың қақ ортасына салына бастаған нысан көпшілікке ыңғайсыздық тудырып отыр.

– Автотұрақтан, балаларға арналған ойын алаңынан айырылдық. Енді қоқысты да басқа ауланың қоқыс жәшігіне салуға тура келеді. Тұрғындардың тілегі ескерілмеген. Бұл құрылыс тоқтасын деп талап етеміз, – деді қала тұрғыны Алексей Трифонов.

Құрылыс басталған аймақта 318 пәтерден тұратын 4 үй бар. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған 50-ден астам адам наразылық білдіруге шықты.

– Бұл үйде қариялар, жасы 100-ден асқан соғыс ардагері тұрады. Оларға жедел жәрдем шақырсақ, кіре алмайды. Мұнда тазалық сақталмаған. Біздің балалардың денсаулығына қауіп төніп тұр, – деді қала тұрғыны Гүлнәр Мұхамбетова

Ал жауапты мердігер компания жауапты органдардан құрылысқа рұқсат алғанын айтты. Тіпті әкімдікпен бірлесе тұрақ жобасын әзірлеуді ұсынды.

– Биыл учаскені сатып алдық. Әкімдік тарапынан эскиздік жоба келесімнен өтті. Осының негізінде барлық техникалық шарт алынды. Жұмыс жобасы әзірленді. Біз 5 қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Жаңа ойын алаңы болады, – деді құрылыс компаниясының директоры Марат Жәкетов.

Тұрғындарды мүлдем жөндеу көрмеген коммуникация мәселесі де алаңдатып отыр. Олар «жаңа үй салынғаннан кейін жарықсыз, сусыз және жылусыз қаламыз» деп алаңдайды. Қала әкімінің орынбасары істің мән-жайын анықтау үшін құрылысты уақытша тоқтатты.

– Шарттар беріліп, оны алған кезде, қолданыстағы желілерге қосылу немесе жаңа желілер салу мүмкіндігі тексеріледі. Желіні қолданып отырған тұтынушыларға зиян келтірмеуі тиіс, – деді қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.

Әзірге мәселенің қашан және қалай шешілетіні белгісіз. Тұрғындар оң нәтиже шықпаса, сотқа жүгінбек.

Нұргұл Алина, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Атыраудағы өзен порты жұмысын қашан бастайды

Новости партнеров