|
02.11.2022 | 19:20
4991

Адам саудасы: Қазақстанда үш қылмыстық топ анықталды

Министрлік «Адам саудасына қарсы күрес туралы» Заң жобасын әзірлеп жатыр

Адам саудасы: Қазақстанда үш қылмыстық топ анықталды exclusive.kz

Қазақстанда 4 айдың ішінде адам саудасының 30-ға жуық фактісі тіркеліп, 3 қылмыстық топ анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ІІМ ақпарына сай, жыл сайын елде осындай 100-ден астам қылмыс тіркеледі екен. Марат Ахметжанов біздің мемлекетте адам саудасымен күресті реттейтін арнайы Заң жоқ деп отыр.

Адам саудасына қарсы іс-шара тек зардаптармен күресу болып тұр. Биыл 4 айдың ішінде бұл жайтқа қатысты 30-ға жуық іс тіркеліп, 3 қылмыстық топ ұсталған. Ал жыл сайын елімізде осы сияқты 100-ден астам факт тіркеледі екен. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ресми статистиканың барлығы «айсбергтің ұшы» ғана екенін мойындап отыр. Ал  шын мәнінде қанша адам аталған қылмыстың құрбаны болғаны белгісіз. Сондықтан ол елде адам саудасына қатысты арнайы Заң бекіту керегін атап өтті.

«Ашығын айтқанда, көп жыл бойы ешкім бұл мәселемен кешенді айналысқан жоқ. Мұндай қылмыстарға ықпал ететін шынайы себептер мен жағдайларға талдау жүргізілген жоқ. Қазір бізде адам саудасының құрбаны туралы толық мәлімет жоқ. Неліктен олар құрбанға айналады? Олар тұзаққа қалай түседі? Одан не себепті шыға алмайды? Өз құқықтарын неге білмейді, полицияға неге бармайды?», – деді ҚР ІІМ Марат Ахметжанов.

БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер мен жас қыздар. Ал әрбір үшіншісі – балалар. Министрдің сөзінше, бұл саланың жасырын болуы жағдайды қиындата түседі. Енді министрлік «Адам саудасына қарсы күрес туралы» Заң жобасын әзірлеп жатыр екен. Жоба бойынша, Еңбек министрлігі адам саудасымен күреске жауапты уәкілетті орган болады.  

«Заң деңгейінде алғаш рет ІІМ мен Еңбек министрлігі адам саудасымен күресетін уәкілетті орган болып айқындалмақшы. Соның негізінде уәкілетті органдардың функциялары нақты бекітіледі. Қалған 12 мемлекеттік орган мен әкімдіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың функциясы да нақтыланады. «Адам саудасына қарсы күрес туралы» Заң келесі жылы көктемде Мәжіліске ұсынылатын болады», – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир