Алматыда алғаш рет ұрланған техникаларды анықтайтын сайт іске қосылды. Жобаны қалалық прокуратура мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде алғаш рет Ұрланған.кз платформасы іске қосылды. Бүгін Алматы қаласы прокурорлары мен Атамекен кәсіпкерлер палатасы сайтты ресми түрде таныстырды.
Сайтқа соңғы жылдары қала аумағында қолды болып, полицияға арызданғандардың 100 мыңнан аса құрылғысы енген. Оның арасында компьютер, телефон, электронды сағат сияқты техникалар бар.
«Қазіргі таңда сайттардан қолма-қол сатып алады. Сатып аларда, тауарды алдын ала тексеруге болады. Сонда ұрланған заттың сатылып кетпеуіне кедергі бола алады», – деді қалалық прокуратураның ресми өкілі Нұрсұлтан Жиделбай.
Мамандар бұл қарапайым тұтынушыға ғана емес, тауарды қайта сататын кәсіпкерлерге де пайдалы деген сенімде. Өйткені саудагерлер қолданылған техникалардың ұрланғанын өздері де білмей, бастары жиі дауға қалатын көрінеді.
«Ұрланған телефондар көп келеді. Сатып та үлгермейміз кейде. Полиция қызметкерлері келіп телефонларымызды алып кетеді. Ақшасыз да, телефонсыз да қаламыз. Бізге өте тиімді болды бұл программа», – деді кәсіпкер Ильяр Асанов.
Жобаны жасаушылар Алматымен шектеліп қалмай бұл бағдарламаны ел аумағына да таратуды жоспарлап отыр. Сайтты өзге де ақпараттық базалармен біріктіру де көзделген.
Назкен Еркін, Сағындық Нарықов «Алматы» телеарнасы