Құны 40-42 млн теңге: Петропавлда тест-драйвтан өтпеген қытайлық автобустар кері қайтарылды

02.04.2021 00:20

Қоғамдық көліктердің алғашқы партиясы облысқа қаңтар айында әкелінген

Петропавлда 7 қытайлық автобус тест-драйвтан өтпегені үшін кері қайтарылды. Қоғамдық көліктердің алғашқы партиясы облысқа қаңтар айында әкелінген еді. Ал, автобус жаңарды деп бөркін аспанға атқан қала тұрғындары қоғамдық көлікті қайда және неліктен көзін құртқанын түсіне алмай жүр. Оқиғаның мән-жайын өңірдегі Almaty.tv тілшісі айтсын.

Петропавл қаласында 22 бағыт бойынша 200-ге жуық автобус жолаушы тасымалдайды. Алайда әбден тозығы жеткен қоғамдық көліктерге тұрғындар жиі сын айтады.

БЛИЦ:

- Автобустардың іші лас, орындықтардың барлығы сынған. Бізге жаңа автобустар керек. Жақында жаңа автобустарды әкеліп, қайта алып кетті. Ақшаның қайда кеткені белгісіз.

- Қыста автобустардың іші өте тайғақ, жай тұру да мүмкін емес. Өте ыңғайсыз. Әрине, жаңа автобустарды әкелсе жақсы болар еді.

Бұл Петропавлға жеткізілген су жаңа автобус. Жерсінбеді ме, әлде солтүстіктің аязына шыдамады ма, әйтеуір әкімдік кері қайтарыпты. Қытайлық қоғамдық көліктерді қалаға қаңтарда әкелген еді. Ал, жаңарған автобустарға риза болған жұрттың қуанышы көпке ұзамады. Қала әкімдігінің айтуынша, былтыр 100 жаңа қоғамдық көлікке тапсырыс берілген. Жеті автобус алдын ала тестілік режимнен өту үшін жеткізілген. Алайда, мамандар тест-драйв барысында бірқатар олқылықты анықтапты.

«Жанармайдың көлемін көрсететін құрылғылармен және ақпараттық монитормен қамтылмаған. Қазір конкурстық процедуралар аяқталған. Барлық келісімдерге қол қойылды. Жақын арада 100 автобус үшін алғашқы төлем аударылады. Ақаулардың барлығы жойылып, біздің ескертулеріміз бен тілектерімізді негізге алынған соң, бұл автобустарды жақын арада Петропавлға қайта әкеледі», – деді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бахыт Ілиясов.

Алайда автобустарды тасымалдау шығыны бюджетке жүктелмейді, парк қазына қаржысына жаңартылмайды. Ал қоғамдық көліктер жолаушылар тасымалдау компанияларына лизингке берілмек. Бірақ жаңартуға қаржысы жетпеген компанияларға жергілікті билік субсидия беріп көмектесуге уәде берді. Себебі сатып алуға әрқайсысының қалтасы көтермейді дейді.  

«Алгоритм іске қосылды. Барлық процедуралар аяқталуға жақын. Әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялау мәселесі іс жүзінде шешілді. Сондықтан тасымалдаушының барлық кепілдіктері бар. Бірде-бір тасымалдаушы жылжымалы құрамды өз бетінше сатып ала алмайды. Бізде тарифті есептеу әдістемесі бар. Мәселен, егер тариф 80 тг құраса, бірақ жаңа автобустарды сатып алғанда тариф едәуір жоғарыласа, онда тарифтің айырмашылығы жергілікті атқарушы органмен субсидиялануы тиіс», – деді «СҚО Жолаушыларды тасымалдаушылар одағы» қауымдастығының төрайымы Галина Семенова.

Жалпы 100 бірлік техниканы алу үшін облыстық бюджеттен шамамен 4 миллард теңге бөлінген. Ұзындығы 8,5 метрлік бір автобустың құны 40 млн теңгеге жуықтаса, 10 метрден асатынын 42 млн 200 мың теңге. Айта кетейін, қаладағы қоғамдық көліктердің 70 пайызы ескірген.