Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған мұғалімнің туыстары: «Нендей күйде екені белгісіз»

25.01.2022 00:47

Жолда жатқан жаралыларды жедел жәрдем көлігіне салуға көмектескен Өркен Ерзат кенеттен оқ тиіп жараланған

Almaty.tv

Қаңтар оқиғасына қатысты деп ұсталған ел азаматтарына тәртіп сақшылары тарапынан заңға қайшы әрекеттер жасалғанын Ішкі істер министрлігі растап отыр. Барлығы 90-нан астам шағым түскен екен. Қазір әрбір іс мұқият тексеріліп жатыр. Қаңтардың 13-і күні жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынған Өркен Ерзаттың ісі де қаралып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлының қандай жағдайға душар болғанын естіген бетте Алматыға келген Күлмәрия Нұрахымбек баласының тәртіпсіздікке қатысқанына сенбейді. «Кенже ұлым оқиғаның куәгері болғаны үшін ғана күдікті атанып отыр» дейді. Сондықтан бұл істе барлығы әділетті болуын сұрайды.

Бүгінде Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынған Өркен Ерзат 2017-2021 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да мемлекеттік грантта оқыған. Диплом алғаннан кейін, ұстаздық етіп, мұғалім болып жұмыс істеген.

Туған әпкесінің сөзінше, Өркен 5 қаңтар күні үйге келе жатқан екен. Алайда сол күні автобус жүрмеді. Сондықтан таксимен жетіп алу мақсатында жолға шығыпты. Интернеттің бұғатталуына байланысты қолма-қол ақша керек болып, есепшоттан шешпек болған. Жолда жатқан жаралыларды көріп, оларды жедел жәрдем көлігіне салып жіберуге көмектесіпті. Сол сәтте кенеттен оқ тиген дейді.

«Бауырым сол орында 20-30 минут қана болды. Сол кездің өзінде жараланып қалды. Сосын 13 қаңтарға дейін ол менің үйімде болды. 13-і күні сағат 12:40-та біздің ауданның полицейлері келіп: «Үйлеріңде ер адам бар ма? Шықсын» деді. Бауырымды ұстап алып кетеді деген ой болмады. Бауырымды шақырдым. Олар бауырымның жарақатын көрді де, бірден 2 сағаттық сұрақ-жауап аламыз деп алып кетті. Содан бері бауырымның не күй кешіп жатқаны маған беймәлім», – дейді Ө. Ерзаттың әпкесі Ардақ Ерзат.

Әр хабарды күтіп отырған туған әпкесінің інісін көрмегелі, міне, бүгін 11-ші күн болыпты. Соңғы рет телефон арқылы тілдескенде өзіне «митингке шықты» деген айып тағылып жатқанын айтыпты. 15 қаңтарда Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікке ілініп, 2 айға қамауға алынды деп хабарланған. Мемлекет тарапынан тағайындалған кезекші адвокаттың сөзінше, тергеу енді басталды. Ал Ішкі істер министрлігі азаматтарға қарсы күш қолданудың әрбір фактісінің мұқият тексерілетінін мәлімдеді.

«Ішкі істер министрлігі азаматтарға қатысты күш қолдану фактілеріне баса ден қояды. Әрбір факт полиция ғимараттарында және қоғамдық орындарда орнатылған бейнекамераларды талдау арқылы мұқият зерттеледі», – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Азаматтар құқығын қорғау мақсатында Бас прокуратура ел бойынша кезекші прокурорлардың тізімін жариялады. Оларға құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің ұстап алу, жеткізу, қылмыстарды тергеу барысындағы заңсыз әрекеттеріне азаматтың шағымы болса, экранда көрсетілген нөмірлерге хабарласа алады.

Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы