Көптің көз жасына ұласқан қаралы күндері жақынынан айырылғандар аз болған жоқ
«Қасіретті қаңтар оқиғасында содырлар бейбіт халықты өз мақсаттарына пайдаланған». Алматыда болған аласапыран кезең туралы сарапшылар осылай дейді. Ал қырғынды көксемеген қалың жұртшылық оқиғаның тікелей куәсі болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алғашында аламан жұрттың бейбіт талабынан басталған шеру уақыт өте, көше ауыса келе өзге кейіпке енді. Ол билікке наразы белгілі бір топтың емес, мақсатсыз түрде көпті қыруды көксегендердің әрекетіне ұласты. Ал «естуші мемлекетке» тілегін ұсынған тұрғындар, яғни қара халық осы содырлардың қалқанына айналды. Осылайша, бұқара жұрт тәртіпсіздіктің құрбаны болды.
«Содырлар сол кезде бейбіт жұрттың тасасына тығылып, ту сырттан оқ атты. Қарапайым халықты пайдаланып, өз дегендерін істеді. Көбі алғашқы оқтан-ақ ажал құшты. Әлбетте, аса үлкен мейірімсіздікпен істелген осындай әрекеттердің артында арнайы дайындалғандардан басқа кім тұруы мүмкін?», – деді «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Махмұт Телеғұсов.
5-6 қаңтарда бұзақылар қаладағы полиция басқармаларына 27 рет шабуыл жасады. Департамент басшысы олардың арнайы техникамен қаруланғанын да айтқан еді. Қару дегеннен шығады, дәл сол күндері содырлар Алматыдағы бірқатар оқ-дәрі дүкенін тонап, ондағы құрал-жабдық, қару, құрылғыларды алып кеткен. Әлбетте, оның салдарынан жазықсыздар жапа шекті.
«Біз 4 адам едік. Арнайы киім кигендер дүкенді қоршады да, «Араласпай, тыныш тұрыңдар! Қару аламыз да, кетеміз» деді. Алғашында өзіміздің әскерилер екен деп ойладық. Бірақ сарбаздарға қарапайым дүкендегі қару-жарақ керек емес қой. Олардың қаруы әлдеқайда кәсіби болатынын білеміз», – дейді қару-жарақ дүкенінің күзетшісі Юрий.
Қаңтар қасіреті – қанды қырғын. Көптің көз жасына ұласқан қаралы күндерде жақынынан айырылғандар аз болған жоқ. Сол қатарда режиссер, музыкант Сәкен Битаев та бар.
«Өзімізбіз» деп айқайлағанымызға қарамастан, алғашында көліктің есігін жұлқылап, ашуға ниеттенді. Қаштық. Қуып келіп, кейіннен оқ атты. Алғашқы оқ айнаға тиген. Кейінгісі досыма тиіп, сол жерде ол жан тапсырды», – дейді марқұмның досы Данияр Бегалимов.
Ел тыныштығы бұзылған күндерде әсіресе ақпараттық арандатудың да аз болмағанын айта кеткен жөн. Түрлі әлеуметтік желіде телефон қоңырауларының жазылатыны, тұрғын үйлердің тоналуы, тәліптерден 2000 әскер келгені сияқты жалған ақпар кең тарап кетті. Мамандар «Фейктің таралуы кейде қасақана мақсатта болмауы мүмкін, себебі көпшілік әуелі хабарламаларға сеніп, жақындарын жамандықтан қорғағысы келеді» дейді. Ал ақпараттық арандатушылыққа ұшырамаудың жолы қандай?
«Заң төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Жалған ақпаратты тексерудің бірнеше әдісі бар. Оның ең біріншісі, ресми дереккөзге сену. Әрине, өткендегідей жағдай кезінде біз бірінші расталған ақпаратқа сенуге мәжбүр боламыз», – деді Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов.
Арнайы мамандар елең-алаң шақта алаңдатудың түрлі әдісін табатындардан сақ болуға шақырады. Ал елдің Ішкі істер департаменті қаңтар қасіретінде тәртіпсіздікке барып, дүрбелең туғызған 731 адамның ұсталғанын айтып отыр.
Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы