Бақытжан Сағынтаев қауіпті аумақтарға беталды үй салуды доғару қажет екенін айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкім үйлерді жаңарту кезінде орталық көшелердегі нысандардың тарихи құндылығын жоғалтпауды тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үйсіз қаламыз ба деген үрей бар. Баспаналары қияда орналасқан Медеу ауданы тұрғындарының түн ұйқысы төрт бөлінген. Себебі, жаңбыр жауған сайын үйдің топырағы опырылып құлауға шақ қалған. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев аумақтағы үйлерді аралап, үрей құшағында өмір сүріп жатқан тұрғындармен тілдесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаһар басшысы Медеу ауданындағы жұмыс сапары барысында бірнеше нысанның жұмысымен танысты. Бақытжан Сағынтаев әуелі үйлері қауіпті аумаққа тұрғызылған Горная көшесінің тұрғындарымен кездесті. Мұндағы жұрт бірнеше жылдан бері үрей құшағында отыр. Көктем-күздегі жаңбырдан топырақ көшіп, тамдардың қабырғалары сөгіліп кеткен. Үйлері жар басындағылар «қашан баспанамыз опырылып құлар екен?» десе, төмендегі тұрғындар «үстімізді топырақ басып кете ме» деп қауіптенеді.

«Көктемде және күзде бізден ұйқы қашады. Аумақтан 4 метр жер жарға құлап кетті. Жыл сайын ТЖ қызметкерлерін, әкімшілік мамандарын шақырамыз. Бірақ, ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ. Бұрын жарты метр болған кезінде шақырдық, қазір міне 4 метрге жетті. Ылғи жыл сайын таудың осы етегін көтереді де, арғы етегіне ешкім қарамайды», – деді Айжан МАЙМЕШЕВА.

Қала әкімі қауіпті аймақта тұрған үйлердің ішіне кіріп көрді. Бұл мәселені шешу үшін алдағы уақытта габионмен жасалған тірек қабырғасын орнату көзделіп отыр. Ұзындығы 200 метрлік қабырға, төтенше жағдайға төтеп бермек.  

«Мына жерде 2016 жылы біздер Төтенше жағдай мамандарын шақырғанбыз. Тау кішкене жылжыған болатын, соның салдарынан үйіміз 1-1 см жарылды. Жарығы үйдің сыртынан-ақ көрініп тұр», – деді тұрғын.

Мән-жайға қаныққан қала әкімі арнайы комиссия құрып, аудан әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментіне мәселені кезек күттірмей шешуді тапсырды. Өйткені апаттың айтып келмесі анық. Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев, «қауіпті аумақтарға беталды үй салуға рұқсат беруді доғару қажет» деді.

Бұдан кейін шаһар басшысы Достық даңғылындағы жүргіншілер жолының құрылыс барысымен де танысты. Маңайды көріктендіріп, жасыл желек отырғызу көзделуде. Әкім, бұдан былай қала аумағына тек көпжылдық өсімдіктер отырғызуды міндеттеді.  

«Көпжылдық көшеттерге көшейік. Әйтпесе, жылда қаланы абаттандыруға қаншама ақша кетеді. Баяғы раушан гүлдер, Алматының раушан гүлдері қайда?», – деді әкім.

Құрылыс кезінде Достық даңғылындағы 70-жылдары тұрғызылған көпқабатты үш үйдің сыртқы қасбеті мен шатыры да жаңартылады. Бұл жұмыстарға қала қазынасынан бір тиын жұмсалмайды, есесіне кәсіпкерлердің қаражатына жөнделмек. Бақытжан Сағынтаев үйлерді жаңарту кезінде қаланың орталық көшелеріндегі бірегей өңді сақтап, нысанның тарихи құндылығын жоғалтпауды тапсырды.

Бұдан бөлек, қала әкімі Алматы хайуанаттар бағының тыныс-тіршілігімен танысты. Биыл хайуанаттар бағы ішінде қалалықтар көп баратын төрт тоған жөнделіп, бірқатар аңдардың торы жаңартылмақ. Ал келушілерге ыңғайлы болуы үшін бақтың төрт бұрышында медициналық орын ашылады. Әрі ана мен сәби үйі жасалады. Ал, бұл бастамалар қала басшысының көңілінен шықты.  


Айдана Мейрамбайқызы, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров