|
25.09.2023 | 19:20
2370

Шұрық-тесік жол қажытты: Төле би тұрғындарының мәселесі қашан шешіледі

Елдімекенде 1500-ге жуық адам тұрады

Шұрық-тесік жол қажытты:  Төле би тұрғындарының мәселесі қашан шешіледі Almaty.tv

Жауыр болған жолдың жыры. Алматы облысы Іле ауданына қарасты Төле би ауылындағы жұрт күре жолдың жайын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Төле би ауылын өзге өңірлермен байланыстыратын күре жол. Жұрттың жүйкесін жұқартқан мәселе жылдар бойы шешімін таппай келеді. Айлығы шайлығынан артылмайтын ауылдағы ағайын «жыл сайын күре жолды өзіміз жамаймыз» деп шағымданып отыр.

– Шұрық-тесік жол қажытты. Халық көлікті де несиеге алған, төлеп отыр. Қанша машина бұзылды? Қарапайым ауыл адамдары қиналып отыр, – деді Төле би ауылының тұрғыны Ләззат Нұрғали.

Елдімекенде 1500-ге жуық адам тұрады. Бәрі ұзындығы 4 шақырымнан асатын шұрық-тесік жолды жүріп өтуге мәжбүр.

– Бұл – Төле би ауылынан қалаға, Астанаға шығатын жалғыз жол. Ауылға келетін автобус жүргізушілері де шағым айтады, – деді Төле би ауылының тұрғыны Сейсенбай Маханов.

Батпақ басып, тіземізден су кешкен жұрттың алдына әкімдік өкілдері мен жауаптылар келді. Халықтың шағымын тыңдап, жағдайды бақылауға алатынын айтып, уәде берді.

– Жол қанша жылдан бері жөнделмеген. Былтыр тұрғындар жамады. Жобалық-сметалық құжатын әзірлеп, биыл жұмысын бастады, – деді Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбаев.

– Жолды жөндеуге 3-4 ай кетеді. Бірақ халық үшін маңызды күре жол болғандықтан, 10 қазанда жөндеу жұмысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осы аптада асфальт төселеді, – деді Іле ауданы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жалғас Сүлейменов.

Жолды жөндеу жоспар бойынша жыл соңында аяқталуы тиіс. Алайда атқамінерлер қазанда мәселенің түйіні шешіледі деп сендірді.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жігіттерді тонап кеткен екі қыз ұсталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир