Келісімшарт бойынша 2021 жылы пәтер пайдалануға берілуі тиіс еді
Атырауда 4 бірдей тұрғын үй кешеніне жарна салған азаматтар 2021 жылдан бері пәтеріне кіре алмай жүр. Құрылыстың тұралап қалғанына ашулы топ бүгін компания басшысын іздеп, бас кеңсеге барды, деп хабарлайды
Наразы топ келісімшарт бойынша 2021 жылы пайдалануға берілуі тиіс пәтердің кілтін тапсыруды талап етіп отыр. Тұрғындардың кейбірі осы үйді алу үшін несие рәсімдеп, қарызға белшеден батқанын айтады. Енді не үй, не ақша жоқ, далада қаңғырып жүрген көрінеді.
«2020 жылы жарнамадан көріп, ақша салдым. Алғашында 6 млн салдым, кейін тағы қостым. Ал 2021 жылдан бері құрылыс тоқтап тұр.Не ақшамыз, не үйіміз жоқ. Біз несие алдық. Қазір пәтер жалдап тұрамын. 2021 жылы бітетін үй еді. Арамызда пәтердің 70 пайызын төлеп қойғандар бар», – деді үлескер Самат Салахидденов.
«2021 жылы кіресіндер» деген. Келісімшарт жасалды. Бірақ үй айтылған мерзімде аяқталмады. Әлі де бітпей жатыр. Ақшаны салып шаршадық. Кей жандар бас тартты. Енді ақшасын ала алмай жүргендер бар», – деді үлескер Нұрболат Шоқпаров.
«Ақшаны 3 айда қайтарамыз» деді. ақша әлі жоқ. Бас тартып отырмыз, сондықтан салған ақшаны қайтарып берсін, ал пәтерін күтіп жүргендерге тезірек берілсін. Себебі арамызда үлкен кісілер бар, пәтер жалдап тұрады. Басты талап – ақшаны қайтару», – деді үлескер Гүлдана Ерекешова
Десе де, көпшіліктің жанайқайын тыңдар құлақ жоқ. Компания басшысы төбе көрсетпеді. Ал Атыраудағы бас кеңсенің есігі жабық тұр. Біз де хабарласып, мән-жайды түсіндіріп беруді өтінгенбіз, алайда байланысу мүмкін болмады.
Салымшыларды сабырға шақырған атқамінерлер мәселені кемі 2 айда шешіп беретінін, қазір тұралаған құрылысты ары қарай жалғастыру үшін инвестор іздеп жатқанын жеткізді.
«Бүгінгі таңда «Сарайшық Инвест» групп ЖШС 4 бірдей көпқабатты тұрғын үйдің жұмысын бастаған. Бірақ құрылыс-монтаждау құжаттары толық емес. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптама жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінен соң, инвестор табамыз. Әзірге күту керек тұрғындарға», – деді Атырау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Рүстем Макибаев
Әзірге салымшыларға күтуден басқа амал жоқ. Ал егер мәселе айтылған мерзімде шешілмесе, үлескерлер тағы да бас көтереді.
Жұлдыз Қайратқызы,Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеаранасы, Атырау