Үш күн ішінде халықтан 21 арыз-шағым түскен
Шыныдан жасалған модуль қаладағы қылмыс көп орын алатын нүктелерге орнатылмақ. Әзірге қалада бір ғана кішігірім полиция учаскесі жұмыс істеп тұр. Қалғандары қыркүйек айының соңына дейін қойылады. Нысан ішінде дәретхана мен жылытқыш бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл Алматыдағы Сейфуллин даңғылы бойында ашылған ең алғашқы полиция модулі. Тәулік бойы тынбай жұмыс істейтін нысан ашылған үш күн ішінде халықтан 21 шағым мен арыз келіп түсіпті. Жалпы әр ауданда төрт осындай нысан пайда болады. Қала билігі мен полицейлер сараптама жүргізіп, мекенжайларды анықтап жатыр.
Нысан жылжымалы және жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істей береді. Қалалық полиция департаменті Алматыда криминогендік ахуал үнемі бақылауда болады дейді. Қылмыс көрсеткіші артқан мекенжайлар анықталып, кейін пунктті сонда көшіруге мүмкіндік бар.
«Бұл бізге не береді? Кез келген келеңсіз оқиғаға тап болған азамат полиция пунктіне көмекке жүгініп, тиісті құқықтық көмек ала алады. Егер жедел топтың қосылуы керек болса, онда уақыт жоғалтпастан тәртіп сақшылары жұмылады. Әйнектен жасалған нысанды арнайы мамандар келіп, бұзып, тиісті жерге қойып береді. Бірақ бұл пункт жиі орын ауыстырады дегенді білдірмейді. Жағдай сараланған соң ғана қажетті жерге қоямыз», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіп күндіз түні бақыланады. Күндіз онда бір учаскелік инспектор, ал түнде қызметке қос патрульдік полиция қызметке кіріседі.
«Кешке жақын қорқатын едік. Қазір жарық та жақсы көшелерде қазіргі уақытта. Мынау полицияның қойғаны да қосымша. Бұл да жақсы тұрғындарға», – деді бір тұрғын.
«Полиция болғаны дұрыс. Жалпы вокзал деген халықтың көп жүретін орны ғой. Жан-жақтан келетін жолаушылар көп, кететіндер де көп», – деді тағы бірі.
Егер полиция тірек пункттері жүйелі жұмыс істесе, онда қаладағы қылмыстық жағдай тұрақталып, жасалған заңбұзушылықтар ізін суытпай ашылады деп сенеді тәртәп сақшылары. Жылжымалы модульге ұры-қары, бұзақыдан зардап шеккен кез келген тұрғын келіп арыз-шағым, талап тілегін айтса болады.
«Бұл вокзал маңы аумағы болғандықтан, бұл жерде халық саны өте көп. Бұрын мысал келтіретін болсақ, бұл жерде жеңілжүрісті қыздар, сонымен қоса пәтерді жалға беретін азаматтар көп болатын. Қазір өзіңіз көріп тұрғандай мұндай әкімшілік құқық бұзушылық қазір жоқ. Сараптама бойынша қылмыс көп болған. Сол себептен біз дәл қылмыс көп болған жердің ортасына модульді қойдық», – деді Алматы қаласы Түрксіб аудандық Полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Дәурен МАЙЛЫҚБАЕВ.
Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен полиция департаменті криминогендік жерлердің картасын әзірледі. Тәртіп сақшылары, тізімге қас қарайғанда көше жарығы жанбайтын 83 көше мен 65 аула кіргізген. Аса қауіпті деген 148 учаскеде енді кезең-кезеңімен жағдай түзеледі. Жыл соңына дейін 22 көшеге жарық орнатылса, қалған 61 мекенжай бойынша жұмыстар келесі жылы басталады.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, Алматы телеарнасы