Елордалық үлескерлер пәтеріне кіре алмай жүр

14.03.2023 00:21

9 қабатты тұрғын үйдің құрылысы 2020 жылы басталған

Almaty.tv

Елордада үлескерлер 3 жылдан бері пәтерлеріне кіре алмай жүр. Жылдап жиған-тергенін баспанаға салып, үйлі боламыз деген жұрттың бүгінгі бұл арманы бұлыңғыр. Жаңа баспанаға жайғасуды сарыла тосқан 300-ден аса астаналық арнамызға шағымын айтқан еді. Енді үміті үзіліп, жан-жақта пәтер жалдап жүрген тұрғындар жергілікті биліктен мәселені шешуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Былтыр наурызда пәтерді қолданысқа береміз деген. Мамыр, шілде, енді желтоқсан. Мына жерде істеп жатқан құрылысшылар жоқ», – деді қала тұрғыны Оралхан Қуатұлы  

Оралхан Қуатұлы – баспана аламын деп ақша құйған көптің бірі. Екі жыл бұрынғы жоспары бойынша қазір 3 бөлмелі пәтерде шалқып отыру тиіс еді. Алайда, арман еткен үйінің әлі күнге қабырғасы да толық қаланбаған. Күдер үзген үлескерлер ақыры жан-жақта пәтер жалдап шаршағандарын айтады.

«Қазанат – 2» осы тұрғын үйден пәтер алғанбыз. Басында маусымда тапсырамыз деген. Сосын желтоқсанда тапсырамыз деді. Сонымен мерзімі 4 рет өзгерді. Бәріне көндік пандемия болды. Материал қымбаттап кетті,  сылтауы бітпеді. Бүгінге ешқандай сенім жоқ», – деді қала тұрғыны Әсел Қамақанова.

9 қабатты тұрғын үйдің құрылысы 2020 жылдың жазында басталған. Негізгі жоспар бойынша 2021 жылы қолданысқа берілуі тиіс болған. Алайда, шаруаның шатқаяқтап, кестеден кешігуін құрылыс компаниясы пандемиямен байланыстырып ақталады. Ал кейін құрылыс материалы қымбаттағанын алға тартты. Сол себепті берілу мерзімі 1 емес, 4 мәрте ауысқан көрінеді.

«Биыл шілде айында барлық жұмысты аяқтап, пәтерлерді пайдалануға береміз. Құрылыстың созылуына – қаржылай қиындық себеп болды. Керекті материалдар 2 есеге қымбаттап кетті. Сметалық құжаттама да өзгерді. Қазір басты мақсатымыз – мәселені жою. Жұмыс қалыпты жалғасып жатыр», – деді мердігер мекеменің директоры Александр Брехов.

«Жұмыс қалыпты жүріп жатыр» деген компания өкілінің сөзі халықтың ашуын туғызды. Пәтерін тағатсыз тосып жүрген тұрғындар күнде келіп, құрылыс алаңын тексеруді әдетке айналдырған. Олардың айтуынша, мұнда бірде-бір жұмысшы келмейтін көрінеді.  

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана