Келгендердің жартысынан көбі медициналық және заң тұрғысынан көмекке мұқтаж
Қарашаның қақаған аязы үйсіз-күйсіз жүргендерге қиын соқты. Қаладағы әлеуметтік бейімдеу орталығына келген көше кезбелерінің саны артқан. Келгендердің жартысынан көбі медициналық және заң тұрғысынан да көмекке мұқтаж. Олардың көпшілігі ұзақ уақыт тұрақтамайды екен. Өз еркімен шығып, бұрынғы күйіне қайта түседі дейді мамандар. Себеп неде? Қазіргі пандемия кезінде орталық қалай жұмыс істеп жатыр? Әріптесім Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатсын.
Жұлдыз есімді 37 жасар келіншекті 1-Вокал маңында жүрген жерінен таптық. Камераны көре сала сұхбат беруге келіспей, жалтақтай бастады. Кейіннен ыстық шәй мен тамақ ұсынып, сұхбатқа тарттық. Айтуынша, Алматыға бір апта бұрын келіп, құжаты мен ақшасынан айырылған. Бұрын дәмханаларда еден жуушы болып қызмет еткен көрінеді. Қазір вокзал маңы мен жертөлелерде түнеп жүр.
«Жұмыс жасағанмен қайда алады мені, не құжатым жоқ, не киімім жоқ. Түріме қарайды да алмайды ешкім. Сайранға барамын, осында келемін, мында да кіргізбейді», – деді Жұлдыз.
Әңгіме барысында Жұлдызды оңалту орталығына апаруға көндірдік. Түрксіб аудандық тәртіп сақшылары да көмек көрсетті. Мамандар оны бірден қабылдады. Алдымен өзі туралы ақпарат алып, кейіннен медициналық тексерістен өтті. Енді ол 10 күн бөлек оқаушаланған карантинде болады. Кейіннен жағдайы жақсы болса, ортақ бөлмеге жатқызылады.
«Бізден не көмек? Құжаттарын жасаймыз, орталыққа тіркеуге тұрғызамыз. Содан кейін ары қарай адам талпынып, жұмыс істеймін десе, жұмыс істеуге рұқсат етеміз», – деді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметкері Рысгүл Мамекеева.
Әлеуметтік «Пана» орталығы бүгінгі кейіпкеріміз Жұлдыз секілді жандар үшін қауіпсіз әрі сенімді. Қазір мұнда 140 адам бар. Олардың біреуінің мүгедектігі турасында құжаты жоқ болса, енді бірінің жеке куәлігі жоқ. Орталықтың мұндай жандар үшін тигізіп жатқан көмегі зор.
Орталық 180 адамға арналған. Мамандардың айтуынша, қалаға қар түсіп, күн суытқалы келушілердің саны артқан. Мұнда 4 мезгіл тамақ пен жайлы жатын орыннан бөлек, психологиялық және тұрмыстық көмектер көрсетіледі. Екі күн бұрын бәрінен ПТР-тест сынамасы алынған. Нәтижесінде ешқайсысынан COVID-19 белгілері анықталмапты.
«Бізге түскендердің ішінде тұрақтап қалатындар аз. Көпшілігі 2-3 күн болып, кейіннен қайтадан ішкілікке салынып, бұрынғы күйлеріне қайта түседі. Олар күнделікті тәртіпке үйренбегендіктен болар, өз еркімен арыз жазып шығып кетеді. Араларында кейіннен қайта келіп, қабылдауын өтінетіндер бар. Әркез біздің есігіміз олар үшін ашық», – деді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Болат Айтмұрзаев.
Орталық жыл басынан бері 20 адамға жеке куәлік алып беруіне көмектескен. Сонымен қатар, егде жастағы 30 адамға ресми түрде мүгедектігі туралы құжатын рәсімдеп, қарттар үйіне орналастырыпты. Панасы жоқ 50-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.