|
09.11.2021 | 19:21
8725

Қазақстандағы әрбір үшінші жасөспірімнің буллингке қатысы бар – министрлік

Қысым көрсету түріндегі әрекеттер көбіне мектеп жасындағы балаларда жиі байқалады

Қазақстандағы әрбір үшінші жасөспірімнің буллингке қатысы бар – министрлік Almaty.tv

Қазақстандағы әрбір үшінші жасөспірімнің буллингке, яғни балалар арасындағы қысымға қатысы бар. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі осылай деп дабыл қақты. Мамандар кемсіту мен кекетуге ұшыраған баланың психологиясы да елеулі өзгеріске ұшырайтынын айтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ең әуелі балаларға, кейіннен ересектерге де елеулі әсер ететін буллинг мәселесі – қазіргі қоғамның өзекті тақырыбы. Қысым көрсету жағдайында көрініс беретін мұндай әрекеттер көбіне мектеп жасындағы балаларда жиі байқалады. Мамандар осылай дейді. Ал оны жасырып қалу мен білген күннің өзінде әрекет етпеу – мәселенің ушығуына алып келеді. Көп жағдайда буллингтің кесірі бала өміріне балта шабумен аяқталып жатыр.

«Кей ата-ана «Балалар өздері шешіп алады» деп мән бермейді. Керісінше, қысым көрсетілгенде ол айтылмай қалса, уақыт өткен сайын мәселе ұлғая береді. Балалардың түрлі теріс әрекетке баруы да осыдан туындайтынын түсінуіміз керек», – деді психолог Анастасия Лях.

Аталған мәселе көбіне мектеп жасындағы балаларда кездескендіктен, әр мектептің осы тақырып төңірегінде белсенді жұмыс істеуі маңызды. Мәселен, қалалық №140 гимназияда оқушылар арнайы психологтың көмегіне жүгінеді. Буллингтің алдын алуға баса назар аударамыз деген әкімшілік балалар арасындағы қысымның әртүрлі деңгейде болатынын да айтып отыр.

«2400 баланың әрбірінің өмірі бізге маңызды. Олардың ең біріншіден, қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан киберге, кибербуллингке байланысты бізде бірнеше іс-шара карантиндік режимде болғандықтан, онлайн да іс-шаралар өткізіліп жатыр», – деді М.Мақатаев атындағы №140 гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бақтияр Жарылқап.

Балалар арасындағы әлімжеттіктің жиі байқалатын орны – мектеп дәретханасы. Аталған қауіпті жайттың алдын алу үшін мұнда бейнебақылау камераларының орнатылғанын байқап отырмыз. Бұл өз кезегінде балалардың арасындағы түсініспеушіліктің өршіп кетпеуі үшін жақсы әсер етеді.

Буллингке қатысы бар екі тарап та психологиялық зардап шегеді дейді мамандар.

Айта кету керек, биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде балалар арасында 105 өзіне-өзі қол жұмсау дерегі тіркелсе, тағы 105 бала өмірімен қоштасуға талпынған.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир