Нұр-Сұлтанда сот алимент төлеуден жалтарған екі азаматтың бас бостандығын екі жылға шектеді

Нұр-Сұлтанда сот алимент төлеуден жалтарған екі азаматтың  бас бостандығын екі жылға шектеді
Жалпы, қалада 10 мыңнан астам алимент өндіру ісі тіркелсе, соның 2000-ға жуығы алимент төлеуден жалтарып жүргендер
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада алимент төлегісі келмеген екі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сот олардың  бас бостандығынан екі жылға шектеді.

Максим Ажиль жарымен 2013 жылы ажырасқан. Бес жыл бойы екі баласына үзбей алимент төлеп отырған. Бірақ былтыр жұмысынан босап қалған ол бүгінде балаларына 800 мың теңгеге жуық ақша қарыз.  

«Қазіргі таңда 772 мың теңге қарызым бар. Бір жыл бойы жұмыссыз қалғандықтан, қарызым жиналып қалды. Қазір еңбек нарығында жұмыс табу қиын. Электромонтаждаушылар көп. Бүгін міне бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне келіп, екі қолға бір күрек тауып отырмын. Бұйырса, 80 мың теңге жалақы аламын да, тең жартысын алиментке төлеп отырамын. Балаларыма көмектесе алатыныма өте қуанып тұрмын. Жалпы, айлығымның 33 пайызы - ай сайынғы үлесі болса, 17 пайызы - жиналып қалған қарызымды өтеуге кетеді», – дейді  Максим АЖИЛЬ.

Жәрмеңкеге 600 борышкер шақыртылыпты. Алайда, жұмыспен қамту орталығының өкілдері оның 10 пайызы ғана келгенін айтады.

«Бізде инженер, техник, әр түрлі бар қара жұмысшылардан бастап, зеңгерлерге дейін жұмыс табылады. Негізі мында 20-ға жуық жұмыс берушілер шақырылып отыр. Солармен борышкерлеріміз беттесіп, өздерін қызықтыратын жұмыстарына орналасуға мүмкіндік жасап отырмыз», – дейді  Нұр-Сұлтан қаласы жеке сот орындаушылар палатасының басшысы Ерлан ОНТАЕВ.

Белгілі болғаны, Нұр-Сұлтан қаласында 10 мыңнан астам алимент өндіру ісі тіркеліпті.  Олардың 2000-ға жуығы бауыр еті баласына алимент төлеуден жалтарып жүр.

Жәрмеңкеге келген 60 борышкердің тең жартысына жұмыс берушілер қызығушылық танытып, әрі қарайғы сұхбаттасуға шақырған. Былтыр өткізілген дәл осындай шарадан кейін 30-ға жуық борышкер екі қолға бір күрек тауып, бүгінде алимент төлеп жатса керек. Алайда, борышыңды өтеу үшін тауып беріп отырған жұмысына бармай, сот шешімінен бас тартқандар да, жағдайы бола тұра балаларына көмектеспейтіндер де бар. Ондайлармен әңгіме бөлек. Биыл 27 әке әкімшілік, ал тағы екеуі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың бостандығына екі жылға дейін шектеу қойылып отыр.

«Бұл борышкерлердің екі миллионнан астам қарызы болған. Тексеріс барысында олардың алимент төлеуге қауқарлы болған анықталды. Екеуі де жұмыс істеп, жалақы алып отырған. Біреуі удай қымбат телефонды несиеге рәсімдеген. Сондықтан оларға қарсы осындай шара қолданып отыр», – дейді  Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының басқарма прокуроры Әйгерім ЫБЫРАЕВА.

Прокуратура мамандарының айтуынша, қазір тағы үш азаматқа қатысты қылмыстық тергеу шаралары жүріп жатыр. Алимент төлеуден жалтарып жүргендер жіті назарға алынбақ.

Новости партнеров