Жиырмадан аса жолаушының жүгі әлі Алматыда тұр
Алматы – Орал бағытында рейс бірнеше күн кешіккен. Көпшілік белді әуе компаниясының мұндай қызмет көрсетуіне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
27 қазанда 140-тан аса адам Алматыдан Оралға ұшып кетуі керек еді. Алғашында белгісіз себеппен рейс кейінге шегеріледі. Кейіннен мүлдем кестеден алынып тасталған. Екі ортада не ақшасы қайтпай, не барарға орын таппай, азаматтар абдырап қалған. «Мұндай жағдайда қонақүй мен ішерге ас берілуі тиіс еді» деген олар тіпті жөнді жауап ала алмағандарына наразы.
– Әуелі ұшақ сынғанын айтты. Содан кейін Оралдың аэропорты қабылдамайтынын жеткізді. Үшінші рет ұшақ қолайсыз ауа райына байланысты ұшпайтынын айтты. Ақшаны қайтаруын талап етсек, «компанияның кінәсі емес» дейді. Сонда кім кінәлі? Үйге қалай барамыз? – дейді жолаушы Ұлмекен Бекенова.
Әуе компаниясының жауапты өкілдері аталған жағдайға Оралдағы ауа райының қолайсыздығы себеп болғанын айтты. Оның үстіне, батыстағы әуежайда мұзды кетіретін машина істен шығыпты. Жағдай осылай болғанымен, басты мәселе – азаматтарға хабардың уақытылы келмеуі. Жолаушылар билеттерді қайтарып ала алатынын да кейін білген.
– Бүгін – үшінші күн, Алматыдан ұшып кете алмай отырмыз. Оралдың әуежайы қабылдамайды екен, бірақ ол жақтағы туыстар әуежай тиісінше жұмыс істеп тұрғанын айтты. Оралдан Алматыға келіп жатқандар да бар. Тамақ берген жоқ, жатын орын туралы тіпті, айтпай-ақ қояйын! Бұл не деген бассыздық? Бұлай қызмет көрсетуге бола ма? – дейді ашуға булыққан жолаушы Жәмилә Рашева.
– Жолаушыларды бірнеше күн күттірмес үшін Ақтөбе арқылы рейс ұйымдастырдық. Ол үшін біз Оралдан Ақтөбеге арнайы көлік жалдап, сол көлікпен оларды Ақтөбеге жеткіздік. Алматыдан 143 жолаушы болды. Ал Ақтөбеден Оралға ұшатын 140 жолушы болды. Қалғандарының билетін қайтардық немесе басқа күнге рейсін ауыстырдық, – деді «Air Astana» АҚ корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Тілек Әбдірахимов.
Жиырмадан аса жолаушының жүгі әлі Алматыда. Авиатасымалдаушы компания оларды жақын арада жеткізіп беретінін айтты. Ал Алматыдан Оралға уақытылы жете алмағандар қымбат билеттің өтеуі арзан қызмет болғанын алға тартып, өтемақы төлеуді талап етпек.
Мадина Оқас, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Электр желісіндегі ахау: Астанада зейнеткер көз жұмды