Жұмыспен қамтылғандар арасында NEET санатындағы жастар бар
Алматыда биыл 32 мыңнан астам жас жұмысқа орналасты. Бұл туралы қалалық әкімдік мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақпанда қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында қалалық «Мансап» орталығы ашылған еді. Орталық жастарға жұмыс табуға, кеңес алуға, семинарларға қатысуға мүмкіндік береді. Жұмыспен қамту платформасының аясында 6 мың жас жұмысқа орналасқан.
– Орталықтың курстары көңілімнен шықты. Дизайнер үшін ең маңызды дағдыны үйрендім. Курсты аяқтаған соң жұмыс тауып беруін өтіндім. Орталық кеңес беріп, бос жұмыс орнын табуға көмектесті. Сондай-ақ олар компанияларға түйіндемемді ұсынады, – деді қала тұрғыны Дарын Баубек.
Басқа ұқсас платформалардан ерекшелігі – мұнда жұмыс тауып қана қоймай, сертификат алу үшін тегін қысқамерзімді курстардан өту мүмкіндігі қарастырылған. Жұмыспен қамтылғандар арасында NEET санатындағы, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастар да бар.
– Екі бағытта жұмыс істейміз. Қысқамерзімді курстар арқылы сұраныстағы мамандықтар бойынша ақысыз оқыту және 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыру. Курстар негізінен 4 бағытта жүргізіледі. Олар – IT, soft skills курсы, қызмет көрсету секторы және қолөнер мамандығын үйрететін «Жас шебер» курсы, – деді қалалық «Мансап» орталығының директоры Азамат Асқар.
Оқи отырыңыз: Алматыда қала маңына қатынайтын жаңа бағыт іске қосылды