Пойызға билет табу қиын боп тұр. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Демалыс маусымы бастала сала теміржол мен әуе билеттерін сатып алу мұңға айналып, пойыздар мен ұшақтар кешігіп, бағалар шарықтап кетеді. Амалы қалмаған жолаушылар алыс сапарға автобус, таксимен қатынауға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Барыс-келіс жыл сайын жазда қызады. Билет таппай сандалатындар да аз емес. Біз Алматыдан Астанаға қатынайтын пойызға билет іздеп көрдік. Бір ай, тіпті 45 күн бұрын теміржол кассаларын торығаннан пайда жоқ, кассирлер «билет жоқ» дегеннен әрі аспайды.
Қалтасы қалыңдар күншілік жерге құстай ұшып ұшақпен жетеді. Ал айлығы шайлығынан артылмай отырған қараша жұрт қалта жұқа болған соң, пойызбен қатынауға мәжбүр. Сөйтіп ұлардай шулап, діттеген жерінен қалып қояды. Ал кейбірі қолға тиген билетпен жетіп алам деп амалсыз ыңғайсыз орынға отырады.
– Терезесі ашылмайтын орындар ғана қалып тұр. 45 күн бұрын хабарластық, – деді жолаушы.
– Ертерек билет алған күнде де төменгі орындар жоқ. Алыпсатарлар көп, – деді жолаушы.
Есесіне алыпсатарлар кез келген бағытқа ыңғайлы орын тауып береді. Бірақ құн үстіне құн қосатыны айтпаса да белгілі.
Ал жауаптылар әккілердің әрекетіне тұсау салып жатқаннын алға тартты. Рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр.
– Жазғы демалыста ары-бері қатынайтын адам көп. Сәйкесінше, билет тапшылығы да байқалады. Вагондардың санын көбейту үшін былтыр 150 вагон сатып алынды. Биыл тағы 157 вагон алу жоспарда тұр. Ал алыпсатарлардың мәселесіне келсек, жағдайды бақылауға тырысып келеміз. Теміржолшылармен, вокзал кассирлерімен бірлесе рейдтік кешенді жұмыс атқарылып жатыр, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеев.
Айта кетейік, алыпсатарлар ұсталған жағдайда олардың ісімен көліктегі полиция департаменті айналысады. Оларға 70 мың теңге көлемінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін қамалады.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Аптап ыстық: Атырауда сынап бағанасы +50 градусқа көтерілді