Көпір құрылысына бюджеттен 336 миллион теңге бөлінген
Жамбыл облысында ауыл тұрғындары 6 жолақты темір жолды жаяу кесіп өтіп жүр. Жұрт жұмысқа, оқушылар мектепке бару үшін вагондар астымен өтуге мәжбүр. Салдарынан жазатайым оқиғалар да тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аса ауылында аспалы көпірдің мәселесі өткен ғасырдан бері көтеріліп келеді. Бірақ былтырға дейін шешімін таппаған. Салдарынан ауылды бөліп жатқан 6 жолақты теміржол қауіпті аймаққа айналған. Тіпті өткелсіз жерден өтем деп өмірімен қоштасқандар да болған.
– Жастар, балабақшаға баратын балалар вагонның астынан өтеді. Қыста шанамен өтуге мәжбүр. Оқушының денесін бөліп немесе аяқ-қолын кесіп кеткен жағдай болды, – деді Аса ауылының тұрғыны Әбдітәліп Омаров.
Аса ауылында 13 мың халық тұрады. Ал оның 1500-ден астамы сол теміржолдың арғы бетіне қоныстанған. Десе де, ол алқапта халыққа қажетті әлеуметтік нысан жоқ. 3 мектеп, аурухана мен емхана, әкімдік, қажеттінің бәрі бергі жағында. Ал жергілікті билік өкілдері осы уақытқа дейін өткел салуға, «Қазақстан темір жолы» рұқсат бермегенін жеткізді.
– «Қазақстан темір жолы» мекемесі темір жолға көпір салуға рұқсат бермеді. Біз әлі де осы мәселені айтып жүрміз, – деді Аса ауылының әкімі Бауыржан Талшынбетов.
Тәуелсіздік алғалы толғауға айналға мәселеге былтыр нүкте қойылды. Адам өміріне қауіпті аймаққа ақыры ҚТЖ көпір салуға рұқсатын берген. Сөйтіп аудандық бюджеттен 336 миллион теңге бөлініп құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бірақ 5 ай бұрын пайдалануға берілуі тиіс өткел әлі күнге аяқталамаған.
– Қыс мезгілінде ауа райына байланысты жұмыс тоқтады. Жұмыс дер кезінде аяқталмағы үшін айыппұл салынады, – деді Жамбыл аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Мақсат Үсенбаев.
Жауаптылар жобаны 1 айда аяқтап, мамырда халық игілігіне тапсыратынын айтып, уәде берді.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Екі баланың өліміне себепкер болған кәсіпкерге айыппұл салынды