Жарамдылық мерзімі өткен тауарлар саудасы тоқтамай тұр

Almaty.tv
Almaty.tv
Тауар не азық-түліктің жарамдылық мерзімі өтсе, сатып алған жеріңізден ақшаңызды қайтарып алуыңызға болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty.tv тілшілері шаһардағы ірі сауда орындарының бірінен қауіпті азық-түлік өнімдерін еркін саудалап келген контейнерді анықтады.

Біз жасырын камерамен кіріп саудсаған дүкен сөресі мерзімі өткен тауарларға толы екен. Сондықтанда болар, бағалары тым арзан. Негізінен бұл сауда нүктесінің сатып алушылары зейнеткерлер мен студенттер. Бұл сату орны туралы тұтынушылардың бәрі білетін болып шықты.

БЛИЦ:

- Бар, әрине. Сатып алып, сосын лақтырып жібердім.

- Арғы шеттегі дүңгіршек, меніңше. Ең шеткісі. Ол Қазақстанның тауарлары емес-ау.

- Иә, әнебір жерде.

Осы мәселені жеткізу үшін базар әкімшілігіне бардық. Алайда олар қандай да бір мәлімдеме беруден үзілді-кесілді бас тартып, «базар басшысы жоқ» деп қысқа қайырды.

Базар әкімшілігінен мардымды жауап болмаған соң, қауіпті азық-түлік саудалап тұрған дүкенге қайта бардық. Алайда сатушы бұл әркетіне еш қысылмады. Керісінше, басқа жерлерге қарағанда тауарының бағасы арзан екенін айтып, бұл мәселеден базар басшылығы хабардар екенін жеткізді.

«Осыған дейін сата алмай қалған тауарларымды сатып тұрмын. Көбін жеңілдік бойынша алып сатып үлгере алмадым. Тұтынушыларға сатар алдында ескертеміз. Бұл мәселеден әкімшілік басшысы хабардар. Рұқсат етпесе сата алмаймын ғой», - деді Андрей.

Біздің ары қарай жұмыс істеуімізге базар күзетшілері мүмкіндік бермеді.

Бізде тәуекелге бел буып жарамдылық мерзімі өткен бірнеше азық-түлік өнімдерін сатып алдық. Мұнда жерде балалар шырыны, майонез және  балық өнімдері бар. Қазір бұл тауарларды арнайы мамандардан сұрап, адам ағазасына қаншалықты зиян екенін анықтайтын боламыз.

Алдымен Қазақ Тағамтану академиясына бас сұқтық. Біз сатып алған өнімдердің адам ағзасына тигізер зияны көп болып шықты. Алды улануға алып келсе, арты қатерлі ісік жасушаларын қоздыруы мүмкін екен.

«Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түліктердің барлығы, әрине адамның денсаулығына кері әсерін тигізеді.  Қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне жол беруі мүмкін. Ағзаға бүгін болмаса да жарты жылда асқазан, бауыр, өт жолдарына кері әсерін тигізеді», - деді Қазақ Тағамтану академиясының ғылыми қызметкері Айгүл НАҒАШЫБЕКҚЫЗЫ.

Азық-түлік тауарларының сапасы мен жарамдылық мерзімін бақылауы тиіс құзырлы мекеме өкілдері мұндай мәселеге тұтынушылардан арыз-шағым түскенде ғана тексеріс жүргізе аламыз дейді.

«Қала тұрғындарынан шағым, жеке немесе заңды тұлғалардан арыз-шағым түскенде ғана біз тыңғылықты тексеріс жүргізе аламыз. Сонда ғана тауарлардың қауіпсіздігіне жоспардан тыс зерттеу жасауға болады. Біз ол жерден аталған тауарларды сатып алып, санитарлық сараптамадан өткізіледі. Сараптама қортындысы бойынша қандай бір тауар қауіптілігі байқалса жауапты адамдарды жазаға тартатын боламыз», - деді қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья ДЯГИЛЕВА.

Егер тауарыңыздың сапасына қатысты күдігіңіз болса немесе жарамдылық мерзімі өткенін байқасаңыз, сатып алған жеріңізге өткізіп, ақшаңызды қайтарып алуыңызға болады дейді жауапты мамандар. Олар тауарды қабылдаудан бас тартса, құзырлы органдарға арыз-шағым түсіре аласыз.

Ескеретін жайт, тауарды сатып алғаныңызды дәлелдейтін чекті сақтаңыз. Чек болмаса, ешбір құзырлы мекеме тұтынушы шағымын қарай алмайды.

Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров