Жыл басталғалы жол-көлік оқиғасын онлайн-тіркеу бойынша мыңнан астам өтініш келіп түскен. Біраз шаруаны жеңілдететін бұл мобильді қосымшада жол-көлік оқиғасындағы екі қатысушы да қол қоюы қажет, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылық Жақсылық Тұрдымұрат еурохаттама қолданбасы туралы бүгін бірінші рет білді. Жол-көлік оқиғасына ұшыраған азамат мәселені өзара шешіп, өтемақы алу мүмкіндігі барын білмей, 102-ге қоңырау шалған. Дегенмен оқиға орнына келген полиция қызметкері жағдайды бағамдап, жаңа мобильді қолданбаны қалай қолдануға болатынын түсіндірді.
– Мен негізгі жолда келе жатқанмын. Көлік жүргізушісі мені көрмей қалып, соғылды. «Еурохаттама» деген мобильді қосымша жақсы екен. Барлығы онлайн шешіліп жатыр. Бұрын 1-2 күндеп жүретінбіз, – деді көлік жүргізушісі Жақсылық Тұрдымұрат.
Қосымшаны қолдану үшін полиция қызметкерлерінің көмектесуі міндет емес. Бар болғаны екі авто иесінің «еурохаттама» қосымшасын жүктеп, мәліметтерді толтыруы жеткілікті. Бірақ бағдарлама барлық жол-көлік оқиғасына бірдей қолданылмайды. Ол үшін жол апатына екі көліктің ғана қатысуы шарт. Ал келтірілген залал мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 369 мың теңгеден аспауы қажет.
– «Еурохаттаманы» жол-көлік оқиғасына тек екі көлік қатысса және қолданыстағы көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруы болса ғана толтыруға болады. Сондай-ақ жол апаты кезінде зардап шегушілер болмауы керек. Үшінші тұлғаның мүлкіне зиян келген болса, хаттама толтырылмайды, – деді қалалық ПД ІСКБ Арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Дәурен Мырзаханов.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғасына қатысушылардың ұялы байланыс телефоны азаматтардың мобильдік базасында тіркелген болуы тиіс. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бері жол-көлік оқиғасын онлайн тіркеу бойынша мыңнан астам өтініштің 60 пайызы кері қайтарылған. Оған қолданушылардың өз еркімен бас тартуы себеп болған.
Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Таразда қарсы бетке шыққан автобус 10 көлікті соғып кетті