Орал қаласына да қызыл судан келер қауіп көп

Almaty.tv
Almaty.tv
Орал қаласы төтенше жағдай режимі жарияланған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Орал қаласына да  қызыл судан келер қауіп жоғары. Бұл туралы шаһар басшысы Миржан Сатқанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыста қыс маусымында жауын-шашын аз түскенімен, аяз ұзақ болып, жердегі тоң мөлшері 1 метрге дейін көтерілген. Ал наурызда күннің күрт жылынып, ауа температурасы 10 градусқа дейін жоғарылады. Салдарынан қар еріп, көшелерді су алып, жұртты әбігерге салды. «Қазгидромет» мамандарының мәлімдеуінше, қазір облыс өзендері арнасынан асып, қауіпті деңгейге жеткен.

«Бүгінгі таңда Шыңғырлау, Өлеңті өзенінде судың жоғары деңгейі сақталып отыр. Казталов аудан аумағынан өтетін Қара өзен су деңгейі Ресейден келетін суға байланысты көтерілуде. Қара өзен, Қайыңды елдімекен тұсында су деңгейі соңғы тәулікте 1,5 метрге көтерілді, қазір деңгейі 

665 сантиметр Жалпақтал елдімекені тұсында су деңгейі 672 сантиметр көтерілді. Бұл аймақтағы судың қауіпті деңгейі 790-820 сантиметр деп есептелінеді», – деді  «Қазгидромет» РМК БҚОФ директоры Тілеген Шапанов.

Көктемгі су тасқынына байланысты қазір Орал қаласы мен облыстың Бәйтерек, Шыңғырлау, Бөрлі ауданында төтенше жағдай режимі жарияланған. Деркөл өзенінде қауіп деңгейі 650 сантиметр болса, Белес ауылының тұсында 673 сантиметр көтерілді. Ал Шаған өзені арнасынан 1 метр асты. Алайда шаһар аумағындағы үлкенді-кішілі өзеннің барлығы бақылауға алынған. Десе де, қала әкімінің айтуынша,  саяжайлар мен ауылдарда жағдай күрделі. Қарғын судан бөлек, жоғары жақтан тасқын келуі ықтимал екен.

«Деркөл өзеніне су мөлшері көп. Қауіп сейілген жоқ. Осы бағытта жұмыс жасалып жатыр.  Ветелкин, Маштаков, Ростов ауылында су басу қауіпі бар. Су осы мөлшерде ағатын болса, қалаға қауіп төнуі мүмкін», – деді Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов.

Айта кетейік, өткен жылы Қаратөбе ауданының Шалғын ауылында да бірнеше үй мен әлеуметтік нысан қызыл су астында қалған еді. Төтеншеліктердің айтуынша, биыл бұл аймақта жағдай тұрақты, қауіп сейілген.  Алайда, БҚО-ны тікұшақпен барлау кезінде «Қаратөбе-Қоржын» жергілікті маңызы бар автожолында еріген қар суының ағып жатқаны анықталды. Апаттың алдын алу үшін бірден құтқарушылар мен жүзу құралдарын жеткізу туралы шешім қабылданып, Қоржын ауылынан 16 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде 6 бала, 2 жүкті әйел бар.

«Облыста қардың қарқынды еруі тіркеліп отыр. 5 наурыздағы көрсеткіш бойынша облыста бір апта ішінде 60 пайыз қар еді. Күннің күрт жылуынан қар тез еріп жатыр», – деді облыстық ТЖД басқарма бастығы Нұралы Мусиев

Қазір облыста барлығы 200-ден аса эвакуациялау пункті жұмыс істеп тұр. Егер өзен маңындағы саяжай халқына табиғи апаттан қауіп төнсе, басқа аймаққа көшіріледі. Әзірге облыста су алып кеткен тұрғын үй жоқ.

Айнара Иса, Юрий Осипенко, Әлинұр Уәлихан, «Алматы» телеарнасы, БҚО

Новости партнеров