Жарылыстан жапа шеккен Арыс тұрғындары әлі күнге дейін өтемақы ала алмай жүр. Арада 4 жыл өтсе де, үйі қираған жұрт баспанасын сол күйі бүтіндемеген. Оларды тіпті, арнайы комиссия зардап шеккендер қатарына да қоспапты. Алайда сот жарты жыл бұрын өтемақы өндіру туралы қаулы шығарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түркістан облысы Арыс қаласындағы жарылыс осыдан 4 жыл бұрын болған. Әйтсе де, жапа шеккен тұрғындар әлі күнге дейін өтемақы ала алмай әлек. Нақтырақ айтсақ, жарылыс кезінде үйі қираған 55 азаматқа тиесілі мемлекет қаржысы сол күйі қолға тимеген. Әділдікке жету үшін жиналғандар сотқа да арызданып, оны жеңіп шығыпты. Алайда «уәде етілген 1 миллиард теңгенің көлеңкесін де көрмедік» дейді тұрғындар.
– Мен жөндеу жұмысына келіскенмін. Бірінші, екінші жаппаны алып тастаймыз деп уәде берген. Кейін сөзінде тұрмады. Арыс аудандық сотында жеңдік. Сот орындаушылар әлі төлете алмай отыр. Материалдың бәрі 3 есе қымбаттап кетті, – деді Арыс қаласының тұрғыны Ержан Абдураманов.
Жапа шеккендердің бірі қазір пәтерден-пәтерге сандалып жүрсе, тағы бірі қираған үйде күнелтуге мәжбүр. Жанайқайы билікке жетпеген көпшілік шағымын айту үшін бейбіт митингіге де шықпақ болыпты. Алайда әкімдік рұқсат бермеген.
– Арыс қаласы әкімдігі тарапынан Қорғаныс министрлігіне осы мәселені хабарлап, хат жолданған болатын. Біз ол кісілердің проблемасын митинг туралы хабарламадан кейін естідік. Сосын Қорғаныс министрлігіне хат жолдадық, – деді Арыс қаласы ішкі саясат бөлімінің маманы Нұржан Құттыбек.
Митингіге рұқсат бермеген Түркістан облысы Арыс қаласының әкімдігі жауапкершілікті министрлікке ысырып құтылды. Ал мәселе бойынша хабарласқанымызда, ведомство өкілдері әзірге жауап бере алмайтынын айтты. Тұрғындар түйткілдің түйіні жақын арада шешіледі дегенге сенбейтінін жеткізді.
Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы