|
26.06.2023 | 20:14
3616

Ақшаны қайтарсын: үйсіз жүрген үлескерлер өтемақы талап етіп отыр

Құрылысқа жауапты компанияның 6 қызметкері қазір қамауда отыр

Ақшаны қайтарсын: үйсіз жүрген үлескерлер өтемақы талап етіп отыр egemen.kz

«Ақшамызды өтемақысымен қосып қайтарсын». Алматыдағы Весновка және Үшқоңыр тұрғын үй кешені үлескерлерінің ендігі талабы – осы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Пәтерге қол жеткізе алмаған тұрғындар қаражатымызды 20 пайыз үстемемен берсін деп отыр. Өйткені көбі бастапқы жарна ақшасын несиеге алып, қарызға белшесінен батқанын айтады. Қалалық полиция департаментіне қазір 125 адамның алданғаны туралы арыз келіп түскен. Олардың арасында тек еліміздің ғана емес, көрші елден келіп, ақша салған үлескерлер де бар екен.

– 2022 жылдың маусымында 38 млн 500 мың теңге ақша салдым. Бірақ тұрғын үйде құрылыс жұмыстары жүрген жоқ. Үшқоңыр тұрғын үй кешенін салып біреміз деген болатын. Ақшаны қайтарып беруін талап етіп отырмыз. Мысалы 1 жылда депозитке салып қойсам, жоқ дегенде, 5-6 млн теңге болатын еді. Қазір шаршы метрін 520 мың теңгеден үй ала алмаймын. Олардың тұрғын үйдің құрылысын аяқтау ниеті жоқ, – дейді үлескер Дәурен Айдарбеков.

Ал құрылысқа жауапты компанияның 6 қызметкері қазір қамауда отыр. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі қазір тергеу жалғасып жатқанын айтты. Егер күдіктілер кінәлі деп танылса, 7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал үлескерлердің ақшасы кері қайтарыла ма, жоқ па, үстеме беріле ме, берілмей ме, ол тек сотта белгілі болады.

– ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-тармағы, яғни аса ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша тіркеліп, қазіргі таңда арнайы тергеу тобы құрылды. Тергеу әлі де жүргізілу үстінде. Біздің бір болжамымыз бойынша шілденің соңына таман бұл іс материалдары сотқа жіберілетін болады. Қазіргі таңда қылмыстық істі 7 тергеуші тергеп жатыр. Олар экономикалық, сот тауарлы және басқа да сараптамалық зерттеулер тағайындалып, сараптаманың нәтижесін күтуде, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир