Еламан ауылының елеусіз қалған елі тым болмағанда орталық жолды жасап беруге жарамаған ауыл әкімдігіне өкпелі. Халық сөзін елең қылмайтын басшылардың жалған уәдесінен шаршаған халықтың қандай күйде отырғанын сөзбен жеткізу қиын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауылдың шет жағында жайғасқан елге ескі электр бағаны арқылы тоқ тарайды. Шырмауықша оралған сымдардың сынып, үзіліп қалуы қалыпты жағдай. Әр үйдің қасына бетон баған тұрғызуға тұрмыстық жағдайы жоқ тұрғындар осылай оншақты жыл өмір сүріп келеді. Жиі соққан желмен артық жүктемеден жиі үзіліп қалатын жарықты жөндеп беру осындағы электриктердің бизнес көзіне айналған.
«Сымдар жиі-жиі үзіледі. Маман шақырсақ бес-он мың, оны өз қалтамыздан беріп қостырып жатырмыз», – дейді бір тұрғын.
«110 мың теңге берсеңіздер, бір-ақ күнде құрып береміз дейді мамандар. Менде ондай ақша жоқ», – дейді келесі бір тұрғын.
Еламан ауылының шетіне жайғасқан жұртқа «жаңа құрылыс» атауы берілгенмен, ат шаптырым аумақты алып жатқан ауылдың көрінісі көзге оғаш. Тәуір тіршілік қылуға қажетті әлеуметтік мәселелердің бірі де шешімін таппаған. Бір бағаннан бірнеше үйге жарық сымдары жүйесіз тартылған. Билік назар салмаған ауылдың суы да, жолы да жоқ.
«Қазірдің өзінде шаң-топырақ. Егер жаңбыр жауса, балалардың аяғы батпақ болып қалады», дейді бір тұрғын.
2015 жылы мемлекет қаржысымен ауылдың жартысына жарық желісі тартылған. Талғар ауданы басшылардың айтуынша, Қайнар ауылдық округінің әкімі бас жоспарды кезінде дұрыс өткізбегендіктен, іс шала жүргізілген. Қалған халыққа қайта қаржы бөлгізу үшін кемі екі жыл керек.
«Еламан ауылы «Жаңа құрылыс» мөлтек аудандарында электр желісінің құрылыстарын жүргізу үшін Мәслихатқа бюджеттік ұсыныс береміз. Енді мерзімі бойынша айта кетсек, егер ағымдағы жылы жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге бір жылдай уақыт кетсе, бір жыл құрылыс жұмыстарын жүргізуге кетеді», – дейді Алматы облысы, Талғар ауданы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Асқар ШАМАЕВ.
Ал ауылдың қазіргі жолына тек орталық су тартылған соң ғана тас жол салынбақ. Су желісінің сметалық жобасы жасалып, құбырын тартуға аудан облыстан 319 миллион теңге сұраған. Өтініш өтсе, келер жылы жұмыс басталып қалуы мүмкін. Тұрғындардың тұрмысын түзеуге осы уақытқа дейін тырыспаған басшылар әзірге сынып қалған ескі трансформатрды жөндеп бермек.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы