Жер сілкінісі: мамандар қауіпсіздіктің 10 қадамын ұсынды

07.02.2024 в 01:22

Қалада оқу-жаттығу іс-шаралары күшейтілді

15 секунд. Жер сілкінісі кезінде осындай уақытта дұрыс әрекет етіп үйрену керек! Қалада оқу-жаттығу іс-шараларын күшейткен төтеншеліктер осылай дейді. Жердің дүмпуі кенеттен болатын әрі айтып келмейтін апат болғандықтан оған қай кезде де дайын болған жөн, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Ерлан Жәпішов қалада болған жер сілкінісін қатты сезгенін айтады. Кенеттен болған апатты күтпеген ол отбасымен бірге бастапқыда біраз абдырап қалғанын жасырмады. Үйден қажетті заттарды қолға алып, сыртқа шыққан. Кейіннен тұрғылықты мекеніне жақын мектеп ғимаратына барып, уақытша тұрақтапты.  

– Қыс кезінде осындай орын көп болса, далада жүргеннен гөрі тиімді. Мектепте түнедік, – деді қала тұрғыны Ерлан Жәпішов.

Мектеп пен колледж және балабақшалар – әлеуметтік нысан. Қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, уақытша тұрақтауға қауіпсіз орын. Мұнда жатын төсек орындары ұйымдастырылған. Алғашқы медициналық көмек үшін қажетті дәрі-дәрмектер де қарастырылған. Мектеп қоймасында керекті тамақ та бар.

– Өткен жолы жер сілкінісі кезінде тұрғындарды қабылдап, жатын бөлмелерге орналастырып, қажетті көмек көрсетілді. Ол күні 50-ден астам тұрғынды қабылдадық. Мекенжайы бойынша тіркедік. Олар жер сілкінісінің қайталанбайтыны туралы ақпарат біліп, үйіне кетті, – деді №109 ЖББ мектеп директорының орынбасары Перизат Әшірқұлова.

Сондай-ақ білім беру мекемелерінде де қауіпсіздік іс-шараларын түсіндіретін тәрбие сағаттары да жиілеген. Оны мұғалімдер емес, аудандық төтенше жағдайлар басқармасынан арнайы мамандар келіп өткізеді. Жетісу ауданында тұрғындар үшін 41 қауіпсіз орын бар. Оның 21-і - мектеп, 9-ы - балабақша, 1-уі - колледж.  

– Білім беру ұйымдарындағы қызметкерлер төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керек екенін біледі. Шеберлік сағаттарынан өтіп тұрады. Сондай-ақ мектеп ауласындағы аумағы кең спорт алаңы да қауіпсіз орын саналады. Онда төтенше жағдайда құтқару қызметі шатырын құрып, тұрғындарға көмек көрсете алады, – деді Жетісу ауданы ТЖБ инженері Нұртас Мұхитов.

Жер сілкінісі кезінде ұзақ ойланып, жоспар құруға мүмкіндік болмайды. Сол себепті мамандар қауіпсіздіктің 10 қадамын ұсынып отыр. Бастысы, дүрбелеңге салынбай, сабыр сақтаңыз. Жоғары қабаттағы тұрғындар бірден төменге түсуге асықпау керек. Үйдегі қауіпсіз орындарды алдын ала белгілеп алған жөн. Ішкі қабырғалардың бұрышына жасырынып, басыңызды қолмен жабу керек. Жиһаздардан, терезе мен жарық-шамдардан алыс болған абзал. Дүмпу кезінде баспалдақ пен жедел саты ең қауіпті орын. Жоғарыда тұрған ауыр заттар мен ыдыстарды төмен түсіріп қою керек.

Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Шенеунік Шымкенттің сейсмикалық қауіпсіздігіне бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді