Еңбегіне қарай өнбегі. Мемлекеттік қызметкердің жалақысын жұмыс нәтижесіне қарай төлеу жүйесі өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері алғашқы бонустарын алып үлгерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Департамент алға қойған мақсаттарын толығымен орындағанның нәтижесінде Алматыда қосымша жаңа 4 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Әкімшілік мемлекеттік лауазымға, құқық қорғау орындарына түсушілерді тестілеу орталығы 80 орынға ұлғайтылды. Жылына бір рет берілетін бонустық төлем арқылы кейбір қызметкерлер тұрмыстық жағдайларын түзеуге мүмкіндік алды.
«Қазіргі таңда департаментіміздің көптеген қызметкерлері өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартып, несиелерін мерзімінен бұрын жаптық десек те болады. Кейбір қызметкерлер бонустарын тұрғын үйге бастапқы жарна ретінде құйды. Аталған жүйенің енгізілуі бұл мемлекеттік қызметшілердің өз қызметіне жауапты қарап, алдына қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін ынталандырды деуге болады», – дейді Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Мадияр АЛБАНБЕКОВ.
Былтыр Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы өзінің кезекті жолдауында мықты мемлекеттік аппарат құру керектігін баса айтқан болатын. Ал кез келген реформаның тиімділігі сол аппараттың қызметкерлерінің біліктілігіне тікелей байланысты. Сәйкесінше, жұмысшыны ынталандыру үшін берілетін бонустық жүйе оның тәртібіне, атқарған жұмысына тікелей байланысты.
«Түскен бонусты мен өз кәсіби деңгейімді көтеруге жұмсаймын. Сондай-ақ денсаулығыма да жұмсағалы отырмын. Сондай-ақ ол ипотекалық қарыздың жартысын жабуға мүмкіндік берді», – дейді Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Айдар БАЙҒАЛИЕВ