Еліміздің зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар мемлекет басшысының 30 жылда жеткен жетістіктерді саралап, өткенге ой жүгіртіп, келешектегі даму бағыттарын айқындауы тектен тек емес, орынды сөз дейді.
Еліміздің Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов мемлекет басшысы жариялаған мақаланың мәні тереңде жатыр деген пікірде. Бұған дейін қоғам арасында талай талқыға түскен тарихи, саяси және рухани мәселелерге жаңаша көзқарас байқалады дейді академик. Әсіресе, Президент тарихтағы ақ таңдақтар, Алаш азаматтары мен ашаршылық кезеңдерінің жан-жақты зерттелмегендігін, ала-құла деректердің көптігін назарға алады. Осы тұста ғылыми зерттеулерді жауапкершілікпен жүргізу керектігі айтылады.
«Тың мәселе – Қасым-Жомарт Кемелұлы көтерген бұл Алаш ардагерлерін өз орнына қойып мадақтау, екінші маңызды мәселе – Желтоқсан оқиғасын шынайы түрде бағалау», – деді ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов.
Мақалада Президент қуатты елдің иесі әрі кемел халық болып қалыптасуға үндейді. Бұл сырттан келетін түрлі саяси күштердің ығында кетпей еркін елдігімізді тағы бір айшықтай түсті дейді қоғам қайраткерлері.
«Біздің тарихымыз осы соңғы ғасырда емес, 2,5 мың жылда тереңдігі бар деп жатыр. Ол сол бұрыннан бір бірімен байланысып келе жатыр. Ғұн дәуірінен тағы басқа екі жарым мың деген сөз. Мына жерді ешкім сыйлап берген жоқ. Жер үшін аталарымыз, бабаларымыз күрескен. Осы жазғаны сөйлеген сөзінде дәл осындай негізгі принциптер айтылған», – деді мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов
Үндеуде мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілген. Қазақ тілін меңгеру үшін шын мәнінде ниет керек екені атап өтіледі.
«Қызмет істеймін, кәсіп істеймін десең алдымен мемлекеттің тілін біл. Бұл бұған дейін де айтылып келген бірақ Президенттің өз аузынан осылай талап қойылып отырғаны оны орындамасқа шарамыз жоқ. Болмаса мынау өнерге, әдебиетке, мәдениетке қамтып айтқан осы уақытта тұрған міндеттерді саралап берген. Түсініп, ұғынып оқитын адамның барлығының жүрегіне жол табатын тарихи сөз деп есептеймін», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.
Ендігі бағыт – әділетті, халық ел экономикасының игілігін толыққанды көретін мемлекет құру керек екенін баса айтады. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев, әсіресе, жастарға иек артып, алға қойған армандарын еркін жүзеге асыратынына, жасампаз ел қалыптастыратынына мол сенім білдірген.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы