|
08.11.2022 | 19:25
12097

Жамбыл ауданына қарасты Шилібастау бекетінде түркі дәуіріне тиесілі балбал тас табылды

Мамандар тастарды тарихи мұражайға өткізу керегін айтты

Жамбыл ауданына қарасты Шилібастау бекетінде түркі дәуіріне тиесілі балбал тас табылды

Жамбыл ауданына қарасты Шилібастау бекетінде түркі дәуіріне тиесілі балбал тас табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оразбектер әулеті кешеден бері мәре-сәре күйде. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені табылған мына тас мүсін өздерінің ата-бабаларына тиесілі екеніне сенімді. Айтуларынша, кезінде Еламан есімді арғы аталары осы Шилібастау ауылында елге белгілі бай болса керек. Балбал тас соның үйінде сақталып, кейін баласы Күлембайға қалған.

«Еламан атамыз осыны ұстаған. Апаларымыз құрт, май іліп қойған екен. қатықтарын іле салады, аттарын байлай салады. Ешқандай да ол бір кеңес өкіметі кезінде жәдігер, құндылық дегенді білмедік қой. Көме салған ғой бұл тастың керегі жоқ дегендей», – деді Шилібастау ауылының тұрғыны Роза Шұлғаубаева.

Мүсін сонау түркі дәуіріне тиесілі болуы мүмкін. Тіпті, «Отар даласында болған жоңғарларға қарсы Аңырақай шайқасынан қалған да болар» дейді мұндағылар.

«Мына ауылға келіп Түрксібтің жолын салды ғой. Осы жолмен өтеді. Сол кезде жолдың астына әкеліп осындайларды төсеген ғой. Сонда атамыз дейді бақуатты кісі болған ғой. Солардан сатып алды деп жатыр. Ол кісі әншейін енді құнды деп ойламаған ғой», – деді Шилібастау ауылының тұрғыны Роза Шұлғаубаева.

Тұрғындардың пайымдауынша, ер адамның сұлбасына ұқсайтын тасмүсін көктастан жасалған. Қазір олар белгітасты табылған жерінен алып үйлеріне әкеліп қойған.

Балбал тасты ауылға тұщы су жүргізіп жатқан жұмысшылар кездейсоқ қазып алыпты. Қазу жұмыстары кезінде тастың жартысы сынып қалған. Қалған бөлігін тұрғындар өздері қазып алды.

Соған қарағанда бағананың биіктігі шамамен 1 метрге жуықтайды. Ал ені 70-80 см-дей болады. Ауылда балбал тастың бар екенін көбіне елді-мекендегі қариялар жақсы білетін болып шықты. Мұндай тастың әйел кейпіндегі сыңары да бар екен.

«Осы төңіректе үш тас тұрған осындай. Сол тасты секіріп, ат қылып мініп, доп ойнайтынбыз осы жерде. Төңіректе өзі Аңырақай шайқасы болды, басқа да дүниелер болды. Аталарымыз белгі ретінде қоя берген ғой, соның бірі болар», – деді Шилібастау ауылының тұрғыны Нұрдәулет Байбосынов.

Жаңалық жергілікті әкімдік өкілдерін де бей-жай қалдырмаса керек. Ауыл әкімі Таңбалытас мұражайының мамандарын шақыртып, жәдігер табылған жерге келді. Археологтар мүсіннің балбал тас екенін жазбай танып отыр.

«Табылған тастың балбал тас екені анық. Бұл тастар ерте кезеңдерде қайтыс болған кісілердің қабірлерінің басына қойылатын белгі тас ретінде тарихта белгілі. Кейінгі кезеңдерде ислам діні қазақ даласына келгеннен кейін дінге қайшы болғандықтан бұл тастардың көбісі жойылған болатын», – деді «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің бөлім меңгерушісі Қуаныш Нұрмақсұтов.

Қайткенмен сарапшылар жәдігерді арнайы қорға тіркеп, бұл аймаққа көктемде зерттеу жүргізеді. Тастарды тарихи мұражайға өткізу керегін айтты. Алайда тастың иесіміз дегендер көне мұраны мұражайға өткізуді емес, ата-бабаларының құрметіне ескерткіш жасап, соның көзі ретінде орнатуды жоспарлап қойған.

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир