Қазақстанда 1 наурыздан бастап «Отау» деген атпен тағы бір ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 9 пайыз, бастапқы жарна кем дегенде 20 пайызбен беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Отаудың» ғұмыры 10 минутта аяқталып қалмайды. Өтінім қабылдау 1 наурыздан басталып, сәуірдің соңына дейін созылады. Осы уақыт ішінде талапқа сай келетін азамат бағын сынаса болады.
«Отау» ипотекалық бағдарламасына қатысу үшін «Отбасы банктегі» депозитіңіздің ашылғанына кем дегенде 18 ай болуы керек. Ондағы жинаған ақшаңыз минимум 1 миллион теңге болуы шарт. Конкурстан өтсеңіз, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 9 пайызбен, 19 жылға үй ала аласыз. Бірақ пәтер құнының 20 пайызын бастапқы жарна етіп төлеу керек. Астана мен Алматы қалаларынан үй қарасаңыз, 30 миллион теңгеге дейін алуға мүмкіндік бар. Ал қалған өңірде 18 миллион теңгеге ипотека рәсімдей аласыз.
Қызылордадан Астанаға көшіп келгеніне 5 жыл болған Дастан Орынбай – видеоинженер. Оның айтуынша, пәтер құнының алғашқы жарнасын жинау қиынның қиыны. Оның үстіне, елордада жалға алып отырған үй иесі тіркеуге қоймады.
– Бес жылдың ішінде пәтер алғым келеді. Айлықтан жырып, 5-10 мың теңгеден аударып отырсам да, пәтердің бастапқы жарнасы 20 пайызды жинай алмаймын. Бастапқы жарнаны сәл төмендетсе деймін. Ол 1-2 миллион теңге болса, тиімді болар еді, – деді қала тұрғыны Дастан Орынбай.
Ал Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай елдегі ипотекалық бағдарламаларға қатысу үшін тұрақты тіркеу сұрау орынсыз дейді. Ол алғашқы жарнаны да түсірген жөн деп есептейді.
– Алғашқы жарнаны жинау оларға өте қиын. Әлеуметтік желіде көп азаматтар алғашқы жарна төмен пайызбен берілсе екен деген ұсыныс жазып жатыр. «Отбасы банк» өкілдеріне айтып жатырмын. Олар жақтан қолдау табады деген ойдамыз. Келісімге де келіп жатырмыз, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай.
«Отбасы банк» өкілі Жансұлтан Матай болса, тұрғылықты жерге тіркелу талабын қарастырамыз деп отыр. Осы жолы қанша уақыт тіркеуде тұрғанына қарамайды. Ал алғашқы жарнаны азайту мәселесі күн тәртібінде жоқ.
– 50 пайыздан төмен барлығы жеңілдетілген пайыз болып есептеледі. «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы 5, ал 10 пайыз алғашқы жарна төлейді. Оның алдында «Нұрлы жер» бағдарламасында да 20 пайыз болды. Әркім түрлі пікір айтады, – деді «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай.
«Отау» бағдарламасымен Алматыда, Астанада, Шымкентте және облыс орталықтарында тек бірінші нарықтағы баспаналарды рәсімдей аласыздар. Сонымен қатар салынып жатқан тұрғын үйден үлестік қатысушы ретінде пәтер алуға болады. Бірақ ол банктің кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын талаптарына жауап беруі керек. Ал өзге өңірлерде кез келген үйді сатып алу мүмкіндігі бар.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Пәтерін заңсыз жалға беретіндерге қандай айыппұл салынады