Аlaqanpay: алақаныңызды сканерлеу арқылы төлем жасауға болады

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңа төлем жүйесі былтыр пилоттық режимде іске қосылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алақаныңызды сканерлеу арқылы есеп айырысыңыз. Енді бірнеше қызмет түрін төлем карталары мен QR кодсыз-ақ алуға болады. Отандық ІТ-мамандар ойлап тапқан құрылғы алақанның көмегімен төлем жасауға көмектеседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төлем жасау үшін сканерге алақанды жақындату жеткілікті. Еліміздің ІТ мамандары адам биометриясын танитын жобаны 2020 жылы ойлап тапқан. Жаңа төлем жүйесі былтыр жыл соңынан бастап пилоттық режимде іске қосыла бастапты.

– Келушілер алақанмен төлем жасауға болатынын білгенде таңқалады. Әрине, бәріне өте тиімді әрі қызық. Елімізде мұндай IT-жобалардың іске асуы көңіл қуантады, – деді бариста Рүстем Мәдиұлы.

Бірегей жүйеге төлем картасының нөмірін және жеке мәліметтерді енгізсеңіз болғаны. Мамандардың сөзінше, жүйе – төлем жасаудағы ең тиімді әрі қауіпсіз әдіс. Сондай-ақ стартап жоба еліміздегі бірқатар мектепте іске қосылған.

– Алматыдағы мектептерде орнатылмады. Алайда жоспарда бар. Қазір Көкшетауда, Ақтөбеде іске қосылды. Енді Астанадағы білім ошақтарына қойылады, – деді Аlaqanpay жобасының жетекшісі Роман Маргацкий.

Қалалық цифрландыру басқармасының мәліметінше, шаһарда түрлі тың жоба ойлап табатын 70 мыңға жуық ІТ-маман бар. Жауаптылар «Алматы бұл сала бойынша тек Қазақстан емес, Орта Азия аумағында көш бастап тұр» дейді. Балалардың қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан іс те аз емес.

– Мектептердегі қауіпсіздік үшін кешенді жүйе іске қосылды. Бұл жоба биыл мемлекеттік мектеп пен 5 балабақшаны қамтып отыр. Онлайн режимде бәрін бақылауға мүмкіндік береді, – деді Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсеков.

Сондай-ақ цифрландыру басқармасы биыл «АлмаСити» деп аталатын жаңа жүйе іске қосылады деп отыр. Оның көмегімен коммуналдық шығындарын төлеп, автобус бағытын бақылауға болады. Ал инновациялық төлем жүйесін ойлап тапқандар бұл жоба шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып отырғанын айтты.

Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігінде сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту басқармасы құрылады

Новости партнеров