Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 42 500 теңге кімдерге төленеді? Қандай тәртіппен беріледі? Өтінішті қайда беру керек? Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалынан көрейік.
Бұл жолы 42 500 теңге төтенше жағдайдағы қағидаттармен төленеді. Яғни, жұмыс істеп жүріп өзінің табысынан айырылған азаматтарға беріледі. Олар: жалдамалы қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Өтініш 17 шілдеден бастап қана бұған дейін халық өтініш берген порталдарда қабылданады. Ал алдағы дүйсенбі , яғни 20 шілдеден бастап төлемдерді тағайындау басталады. Министрдің айтуынша, бұған дейінгі 42 500 теңге төлеу тәжірибесімен жалдамалы жұмысшылар үшін өтінішті тек оның жұмыс берушісі ғана беретін болады.
«Біріншіден, өзгеріс жалдамалы жұмысшыларға, қызметкерлерге қатысты. Біз бүгінгі жағдайларды ескеруге мәжбүрміз. Елімізде енгізілген төтенше жағдайға қарағанда қазіргі таңда біраз мекеме жұмыс істеп жатыр. Яғни құрылыс, өндіріс, қызмет көрсету, сауда салалары шектеумен жұмыс істеуде. Екіншіден, әр өңірдің бас санитар дәрігерлері сол облысқа қатысты ерекше шектеулерді орнатып жатыр. Үшіншіден, 1 сәуірден бастап біраз мекеме жұмысшылар үшін міндетті зейнетақы жарналары немесе әлеуметтік жарналарды төлеуден босатылды. Сондықтан біз осы жарналар арқылы қадағалау мүмкіндігіміз шектеліп отыр», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Ал, бұдан бөлек, Бірыңғай жиынтық төлемді қайтадан төлеудің қажеті жоқтығы белгілі болды.
«Өз бетінше жұмыспен қамтылып жүрген азаматтар өткен жолы 42 500 теңгені алу үшін бірыңғай жиынтық төлем жасады. Бұл жолы БЖТ төлем жасаудың қажеті жоқ. Ондай талапты қоймаймыз. Өткен жолы төледіңіздер, сол жеткілікті. Ол мәліметтер бізде бар. Сондықтан бұл жолы өтініш тастап, БЖТ-ні ай сайын төлеп жүргендерге сұрақ жоқ, ал төтенше жағдай кезінде бір рет төлегендерді өз тарапымыздан жүйелермен тексеріп аламыз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар, Біржан Нұрымбетов бірқатар сұрақтар әлі де пысықталып жатқанын, оның ішінде студенттерге 42 500 теңге беру туралы сұрақ толық шешілмегенін айтты. Осы және өзге де сұрақтарға нақты жауапты бейсенбі күні берем деп уәде етті.
Бұған дейін төтенше жағдай кезінде жұмыс істеп жүріп, 42 500 теңге әлеуметтік төлем алған 40 мыңға жуық жеке кәсіпкер анықталған. Бірақ салық органдарының мәліметі бойынша жұмыстары тоқтамаған. Сондықтан бұл жолы жеке кәсіпкерлер де өтініш беруге міндеттеледі деді министр. Олардан зейнетақы, әлеуметтік жарна төленгені туралы мәлімет талап етілмейді. Дегенмен аудан, қалалардағы штабтар, «Атамекен» өкілдері сол кәсіпкердің жұмысы қазіргі таңда тоқтағаны туралы жүйеде белгілейді.