Қазір аймақтағы елдімекендерге карантин режимі енгізілді
Қазақстан Ресейдің Челябі облысынан әкелінетін құс өнімдеріне шектеу қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанаймен шекаралас Челябі облысы аумағында құс тұмауы тіркелген болатын. Бұл туралы Россельхознадзордың аймақтағы басқармасы хабарлаған еді. Увельский ауданындағы көлдердің жағасынан жабайы үйрек пен төрт қаздың өлексесі табылған. Зертханалық тексеріс олардың бойынан құс тұмауы белгілерін анықтаған. Қазір аймақтағы елдімекендерге карантин режимі енгізілді. Қазақстан тарапы да бұл жағдайға байланысты сақтық шараларын қабылдады.
«Біздің Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресей Федерациясының Челябинск облысынан келетін тірі құстан алынатын өнімдерге, жұмыртқаға шектеу енгізді. Бұл шектеу Челябі облысының ауру ошақтарында ветеринарлық-санитарлық тиісті шаралар жүргізілгеннен кейін және Ресей Федерациясының фитосанитарлық және ветеринарлық қадағалау комитеті арнайы хабарлама бергеннен кейін барып алынатын болады. Ресей Федерациясының басқа облыстарынан келетін өнімдер шектеусіз», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы Асанхан Жұмаш.