Мейіржан Төребаев «ұйымды құру мен алаяқтық ісіне еш қатысым жоқ» деп отыр
Белгілі блогерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді. Аталған ақпар бұған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен еді, ал бүгін мәліметті Алматы қалалық соты растады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс қозғалған компанияның иесі 2021 жылдың қазанында ұсталған еді. Ал бүгінде қаржы пирамидасын жарнамалаған блогерлердің де басы дауға қалып отыр. Себебі, қос азаматтың да миллиондаған желі қолданушысына ықпалы тиеді. Қалалық сот қаулыға сәйкес қазір вайнерлер Төребаев пен Шерниязовқа 1000 айлық есептік көрсеткіш түрінде кепіл форматындағы бұлтартпау шарасын қолданған. Ал үшінші азамат Азимжан Саидбаевтың қазір қайда екені белгісіз.
«Азамат Саидбаевқа қатысты тергеу органдары тергеу сотына сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініш қанағаттандырылды. Аталған азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша күдікті деп танылды», - деді қалалық соттың баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.
Жарнамадан бөлек, компанияның тең иесі ретінде табыс тапты деп күдікке ілінген Мейіржан Төребаев бұған дейін зардап шеккен азамат ретінде өзі де арызданғанын айтады. Блогер қаржы пирамидасының жарнамалық ролигіне түскенін жоққа шығармайды, бірақ «ұйымды құру мен алаяқтық ісіне еш қатысым жоқ» деп отыр.
«Егер «Міне, сен елді былай алдадың» деген дәлел болса, онда жауапкершілік арқалауға дайынмын. Бірақ «компания құрып, алаяқтық ұйымдастырды» деген айыптың бәрі – бос әңгіме. Бұл іс жеке бастың жағдайына өтіп кетіп отыр, оны дұрыс емес деп есептеймін», - деді блогер Мейіржан Төребаев.
Өкініштісі, қазір бос уәде мен құрғақ сөзге еліктіретін жарнамалар кең тарап отыр. Ең сорақысы, түрлі қаржы пирамидаларында негізгі жапа шегуші – бұқара халық болмақ.
«Пирамида қаржылай болсын, басқаша болсын, бәрібір дұрыс емес қой. Қаржы пирамидаларының о бастан тамыры дұрыс емес. Оның түбі бәрібір жамандыққа апарады», - дейді қала тұрғыны Нұрлан Барлыбаев.
«Оны ұтып ала алмайсың. Мәселен, лотерея билетін кімнің бағы жанады, сол алады. Бір миллион болсын, екі миллион болсын... Ал пирамидада белгісіз, тек адамдарды алдайды», - дейді тағы бір тұрғын.
«Мен өзім осындай жағдайдың құрбаны болдым. Соның салдарынан қаншама уақытым сот табалдырығын тоздырумен өтті десеңізші. Бір іске ақша салғанмын. Қазір сол іске жауапты болған адам темір тордың ар жағында отыр. Бірақ ақшамды қайтара алмадым», - деді қала тұрғыны Владислав Скасков.
Еске сала кетейік, блогерлердің қатысы болуы мүмкін деп танылған іс былтыр қазан айында басталған еді. Ал сотқа дейінгі тергеу барысында қаржылық пирамида мен заңды тұлғалар арасында бірлескен шарт жасалғаны да анықталды.
Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы