Күнкөріс деңгейі әр жанұя мүшесіне мың теңгеден артық шықса керек
Үкіметтің берген ақшасын қайтарыңыз! Алматы облысы Қарасай ауданындағы көпбалалы анадан жұмыспен қамту орталығы атаулы әлеуметтік көмек ақысын қайтаруды талап етіп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алты баланың анасы, жетінші перзентіне аяғы ауыр Аймаш Жақсылықова шалқып өмір сүріп жатқан жоқ. Керісінше, тілшілер тобына науқас бір баласын толыққанды емдетуге қаражат таппай қиналып отырғанын айтты. Сырқаттанған сәбиін емдету үшін ауруханаға отағасы жұмысынан еңбек демалысына шығып бірге жатып, қарайласқан. Ал өзі бес баласын үйде қарап қалған келіншек, атаулы әлеуметтік көмектің сол кезде зор септігін тигенін тілге тиек етті.
Қара тізімге іліктіңіз деген сөзді естіген келіншектің зәре-құты қашып, дереу Қарасай ауданының жұмыспен қамту орталығына барады.
Анықталғандай, жолдасының жұмыс істеп жүрген мекемесі таршылық көріп отырған отбасына бір айлықтың мөлшерімен қоса, демалыс ақысын бір мезетте береді. Сәйкесінше, атаулы әлеуметтік көмекті алатындардың қатарынан шығып қалады. Күнкөріс деңгейі әр жанұя мүшесіне мың теңгеден артық шыққан екен.
«Еліміз бойынша атаулы әлеуметтік көмек бас-аяғы 55 мың отбасыға беріліп басталған. Оның 14 мыңына ай сайын төленетін жәрдемақының мөлшері жаңадан есептелініп берілуде. Ал 14 мың жанұяға бұл көмекті беру тоқтатылған. Қалған 28 мыңға жуық отбасының кірісі мен шығысы толық есептелініп бітпейінше, әзірге атаулы әлеуметтік көмектен қағылып отыр», – дейді Алматы облысы Қарасай ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия ҚИЛЫБАЕВА.