|
Қоғам
16.08.2019 | 19:26

Алматыда жаңа нысандарды қабылдайтын комиссия құрамы толықтырылмақ

Себебі жаңа салынған ғимараттар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мүлдем қол жетімсіз

Алматыда жаңа нысандарды қабылдайтын комиссия құрамы толықтырылмақ

Алматыда құрылысы аяқталып тапсырылатын жаңа нысандарды қабылдайтын комиссия құрамын толықтырылмақ. Оның қатарына Алматы қаласы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің өкілдері қосылуы мүмкін. Себебі жаңа салынған ғимараттар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мүлдем қол жетімсіз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында электронды үкімет порталындағы мемлекеттік қызмет және қалада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін нысандарға кіріп-шығудың қолжетімділігі талқыланды. Мамандардың сөзінше, құрылыс нормасы мен ережесіне қаладағы бар ғимараттар қана емес, жаңа нысандардың басым бөлігі сай салынбағаны анықталып жатыр. Сондықтан қабылдайтын комиссия құрамын өзгерту мәселесі көтерілуде.

«Қалада жаңадан салынып жатқан нысандар өте көп. Сол бойынша салынған құрылыс нормасы мен ережесімен салыстырған кезде сай келмейді. Жаңа нысандарды қабылдайтын комиссияға біздің департаментті қол жетімділік бойынша біздің департамент қызметкерлерін қосу бойынша ұсыныс берілді», – деді Алматы қаласы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті бақылау бөлімінің басшысы Руслан ЫСҚАҚОВ.

Жыл басынан бері осы тұрғыда алып шаһарда 32 нысан тексерілген. Алдымен мемлекеттік мекемелер,шағын және орта бизнес нысандары назарға алынған. Пандустардың талапқа сай еместігі, дабыл шақыру түймесінің істемейтіні кекілді кемшіліктер бар. Мәселен, Алматы мемлекеттік бизнес коллежінде мүгедектерге арналған әжетхана және тактильді тақта жоқ болып шыққан. Қазір білім ордасы ескертуді орындап жатыр.

Құрылыс нормасы мен ережесіне сәйкес мынадай тактильді тақтайша бағананың айналасына орнатылу керек. Оқу орны бұл олқылықты жақын арады жоямыз деп отыр.

Одан бөлек, жер асты және үсті өткелдері және қоғамдық көліктердегі мүгедек жандарға арналған жағдай да қаралған. Мұнда да нысандардың кембағал жандарға әлі де қол жетімсіз екендігі анықталыпты. Ескертулерді орындау үшін 3 ай мерзім берілген. Ал жаңа нысандарды қабылдауға еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің өкілдерін енгізу ұсынысы тиісті мекемеге жолданбақ. Келесі жиынды қыркүйек айында өтеді.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы