Берекесіз «Береке»: Қараңғыда сусыз отырған ауыл тұрғындары батпаққа батып қалды

11.03.2024 23:26

Олқы-солқы өткізілген электр желілері адам өміріне қауіп төндіріп отыр

Almaty.tv

«Біздің бар-жоғымызды ешкім елемейді». Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары су, жарық пен жолға жарымай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұрын сүт тауарларын өндіретін елеулі фермалар орналасқан елдімекен қазірде өркениеттен ада, қараусыз қалған ауылға айналды. 40 үй мен 150-ге жуық түтін жан бағуда. Халық былтыр орнатылған электр бағаналарын қосуды талап етіп отыр. Өйткені жарықтың жоқтығынан ауылда бірнеше мәрте малды көлік қағып, адамдар зардап шеккен.

– Қанша жылқыны көлік қағып кетті? Өте қауіпті, мал ештеңе емес, ертең студенттер не оқушыларды автокөлік қағуы мүмкін, – деді ауыл тұрғыны Марат Исабеков.

– Аздап жел соқса, жарық өшіп қалады. Қараңғыда отырамыз, – деді ауыл тұрғыны Салиқа

Жергіліктілер «Береке» деп атап кеткен елдімекен тіршіліктен ажыратылғандай берекесіз күн кешіп отыр. Жұпыны жолдар, жауыр болған жарық – отыз жылдан бері жыр болған мәселе. Кейінгі кезде жұртшылық өз өмірі үшін алаңдайды. Өйткені олпы-солпы өткізілген электр желілері бір-біріне шатасып, адам өміріне қауіп төндіріп отыр.

– Жолымыз айқыш-ұйқыш, екі-үш жылдан бері қалтадан қаржы шығарып, жамап қоямыз. Ал тоқ мәселесі аздап жел тұрса, қараңғыда отырамыз, – деді ауыл тұрғыны Сандуғаш Партаева.

– Сегіз бағанды орнатты, бірақ трансформаторлық қондырғыны қосу мәселесі қарастырылмаған. Біздің тарапымыздан бүкіл құжат жиналды, келіссөздер жүргізілуде, қажетті материалдарды сатып алып береміз. Жол белгісі екінші жартыжылдықтың аяғында қойылады. Ал электр жарғыны 2 апта ішінде қосамыз, – деді Еңбекшіқазақ аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Дәурен Мәлібекова.

Мамандар елдімекенді толық сумен қамтып, жол салу үшін 2 жыл кететінін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жарық құны қымбаттады