Ақтөбеде жарық құны 23 пайызға артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тарифтердің қымбаттауына байланысты жиын Ақтөбеде бұған дейін 2 рет өтті. Сол кезде 500-дей кәсіпкер құзыретті палатаға шағымын жолдаған. Жарық пен жылудың бағасын шамадан тыс өсірмеуді талап еткен. Бүгінде тарифтердің қымбаттауы бизнеске ғана емес, саяжай тұрғындарының да қалтасына ауыр келіп жатқан көрінеді.
– Қала тұрғындары 14,88 теңге төлейді. Бірақ одан көшенің жарығына, тоққа кететін, басқа да шығындар артылмайды. Ал сол шығынның бәрін саяжай тұрғындарының мойнына іліп тастап отыр, – деді саяжай ұжымының төрағасы Аманқос Құлов.
Саяжайдағы үйлерге жарық ескі трансформаторлардан келеді. Кейбір жерде тозығы жеткен бағандар әлі тұр. Жергілікті жұрттың айтуынша, тоқ желісінің жөндеу көрмегеніне 30 жылдан асқан. Сондықтан мемлекет мекеме меншігіне алғысы келмейтін көрінеді.
– Барлығы ережеге сәйкес келсе, қабылдаймыз. Бірақ біраз мәселе бар. Көшелері тар, бағандар ауланың ішінде тұр. Аулада тұрған соң алдағы уақытта оны қарау қиынға соғады, – деді қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіков.
Бағаның өсуіне электр жеткізу қызметінің қымбаттауы әсер еткен. Жарықпен қамтамасыз ететін компания өкілінің айтуынша, тарифті көтеруден басқа амал жоқ.
– Электр энергиясын 38 пайызға өсіру туралы сұраныс жасадық. Қазір 23 пайызға көтерілді. 1 наурыздан бастап халық төлейтін баға 14,88 теңгеден 18 тг 61 тиынға өзгерді, – деді энергиямен қамтитын компания директорының міндетін атқарушы Рүстем Арыстанов.
Компанияның тарифті 40 пайызға дейін өсіру туралы жоспары болған. Бірақ монополияны бақылау департаменті сұранысты сараптап, құнын шамадан тыс асыртпаған сияқты. Ведомстводағылар жарық құны коммуналдық инфрақұрылымның тозуын төмендету үшін қымбаттағанын жеткізді.
–Электр энергиясының қымбаттауының негізгі себептерінің бірі – Қазақстанның алдыңғы жылғы енгізілген бірыңғай сатып алушылардың электрді сатып алу бағасының көбеюі, – деді Табиғи монополияларды реттеу комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Дүйсен.
Жаңа баға наурыздан бастап енді.
Айта кетсек, былтыр жарық құны 2 рет, әуелі жазда, кейін күзде қымбаттаған. Тарифтердің өсуі заңды тұлғалар мен шағын ұйымдарға да салмақ артуда.
Оразай Нұртайұлы, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысынан
Оқи отырыңыз: Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады