Қоршауда қалдық: Алматы облысындағы 500 отбасы ауылдан шыға алмай қалған

Almaty.tv
Almaty.tv
Кесірінен тұрғындар баспанасына тау асып, батпақ кешіп жетіп жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қоршауда қалдық». Қарасай ауданына қарасты Байтөбе ауылының тұрғындары ауыл маңына жаңа Үлкен айналма жолы түскелі түн ұйқымыз төрт бөлініп, әбігер болған. Өйткені 6 жолақты республикалық тас жолда ауылға кіретін жолайрық салынбаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысындағы 500 отбасы ауылдан шыға алмай қалған. Олардың айтуынша, үлкен тас жол елдімекенді қақ бөліп өтіп, Байтөбеге кіретін жол қалдырмаған. Кесірінен тұрғындар баспанасына тау асып, батпақ кешіп жетіп жүр.

«Балаларымыз 3 мезгіл мектепке барады. «БАКАД жабылады» деп біз аралда қалдық. Учаскені сатқан кезде БАКАД түседі деген соң, халық қуанып алған. Әкімдікке айтсақ білмейтінін айтты. Олар жер сатылған кезде қалай білмеген? Құжатымыз бар», – деді ауыл тұрғыны Бүркіт Байдаулетов.

Осында қоныс тіккен қарапайым халық қалаға қатынап, нәпақа табады. Сондықтан айлықтың жартысы ауылды айналып өтіп келетін таксиге кетеді, ол аздай екі күннің бірінде көлік бұзылып жолда қалатын көрінеді.

«Келешегіміз балаларымыз ғой. Осылар қиналмай мектебіне, балабақшаға барып келгенін қалаймыз. Уәде береді. Бірақ түк те жоқ», – деді ауыл тұрғыны Малика Иманқұлова.

Ал сала мамандарының айтуынша, 16 елдімекенді басып өтетін Үлкен Алматы жолында тек 10 шақырымдық арақашықтықта жолайрық жасалуы тиіс. Сәйкесінше, үлкенді-кішілі техникаға тосқауыл болатындай қауіп болмауы керегін айтады. Яғни бұрылысты кез келген жерге қоюға болмайды.

«Қала құрылысын реттеуге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар елдімекендерге шегінде жол жиегін салуға тиісті қаржыны бөлу арқылы бекітілген жобасын іске асыру қажет. Кемертоғанға қарасты Байтөбе ауылына келетін болсақ, бұл ретте нормотивтік құжаттарға сәйкес, 1 А техникалық автомобилдер санатындағы жолдармен бір деңгейде қабысуға жол берілмейді», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма жетекшісі Жандос Игембаев.

Байтөбеліктер базынсы билікке жеткенше, қалаға қатынауы қиындай түскеніне наразы. Жұртшылық Үлкен айналма жолы толық қолданысқа берілсе, қазіргі қара жолдан да құр қаламыз деп мұңын шақты.

«Біздің мектебіміз мынау Кемертоғанда тұр. Егер айналып барсақ, 15 км асып кетеді. Кептеліс тағы бар. Біз әрі қысқа, әрі ыңғайлы жол жасап беруін сұраймыз», – деді ауыл тұрғыны Ермек Тұрдақынов.

«Біз дереу шешім қабылдап, ауылға кіретін қосымша жолды қарастырып бердік. Қазір ол жолайрық 70 пайыз аяқталып қалды. Аталған жол құрылысын осы жылдың сәуір айында өткізуді жоспарлап отыр. Ол аяқталса, ауылға кіріп-шығу қиындық тудырмайды, – деді Қарасай ауданы әкімнің орынбасары Марлен Қасенов.

Әзірге Байтөбеліктерге ауылға кіретін қосымша жол құрылысының аяқталуын күтуден басқа амал жоқ.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров