Еңбек қауіпсіздігі: қандай салаға қосымша әлеуметтік төлем енгізіледі

16.02.2024 01:08

Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында әзірленген жаңа құжат 20 ақпаннан бастап күшіне енбек

Almaty.tv

Елімізде жұмыс беруші қызметкерін жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндеттеледі. Зиян әрі қауіпті жағдайда еңбек ететін азаматтарға қосымша әлеуметтік төлем енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында әзірленген жаңа құжат 20 ақпаннан бастап күшіне енбек.

Толқынбай Жаппаровтың құрылыста жүргеніне 30 жылдан асты. Қадірі асқақ болғанымен, қаупі басым салада өсудің сан сатысынан өтті. Қарапайым жұмысшыдан бригада жетекшісі, техникалық маман, қазір учаске бастығына дейін көтерілді. Ауырды-жеңілді жазатайым оқиғаларды да бастан өткерді. Құрылысшы «қауіпсіздікті қаперде ұстағанымен, апат айтып келмейді» дейді.

– Негізінде үлкен-үлкен крандармен жұмыс істейміз. Құбыр қазамыз. Бірақ қауіпсіздік шарасы жобада барлығы көрсетіледі,  жазатайым жағдай болып тұрады. Шахтерлерге назар аударылып жатыр, құрылысшылар қалып қойды, – деді құрылыс учаскесінің бастығы Толқынбай Жаппаров.

Қазақстанда қазіргі күні жарты млн-нан астам адам қауіпті өндіріс ошағында еңбек етеді. Елдің ішінде болғанымен қауіптің өтінде жүргендер қатарында кеншілер, металлургия, тау-кен секторындағы мамандар бар. Елде жыл сайын 200-ден аса адамның ажалы осы өндірістен келеді екен. Мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев «ақысынан бұрын азаматтардың бас амандығын ойламасақ, ахуал жақсармайды» дейді.

– Үкімет емес, жергілікті жердегі әкімдіктер де өндіріс орындағы қауіпсіздік мәселесіне қатаң қарауы керек. Ол инвестор немесе отандық бизнесмен болсын, талап бәріне бірдей болуы керек. Ең бірінші дүние – еңбек келісімшартының сақталуы. Ол – жалақы, еңбек демалысында төленетін және әлеуметтік төлемдер. Азаматтар басын бәйгеге тігетінін біледі. Бірақ амал жоқ, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Мәжілісмен мұрындық болған жаңа тұжырымдама еңбек қауіпсіздігіне селқос қарамауға үндейді. Азаматтар енді еңбек өтіліне байланысты тиісті төлем алады. Бұл норма басын бәйгеге тігіп, қауіпті жерде жұмыс істейтін қызметкерлерге қатысты. Жауапкершілікке сақтандыру компаниялары да жұмылдырылған. Ұйым тарапынан әр қызметкерге қосымша қаржылай көмек берілуі керек. Ал жалпыға бірдей міндеттелген арнайы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған, 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар жұмыскерге тиесілі.

– Біріншіден, Президенттің желтоқсанда заңға қол қойды. Сол заң аясында үш бағыт бар. Арнаулы әлеуметтік төлем, жазатайым оқиғалардан қорғау үшін сақтандыру жүйесі бар. Бұл бұрыннан қалыптасқан. 2015 жылы қабылданған заң бар. Бұл заман талабына сай жетілдіріліп тұрады, – деді ҚР ЕХӘҚМ Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты бас директорының міндетін атқарушы Әлімжан Бекмағамбетов.

Қазақстанда қазіргі күні ең қауіпті деген 2000-нан аса мамандық бар. Ақысына кепілдік болғанымен, бұларда адамның бас амандығына ешкім кепілдік бере алмайды.  Ресми дерек 2 мыңға жуық жұмысшы өндірісте жарақат алады деп көрсетті.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Теміртаудағы газ жарылысына қатысты тың мәлімет белгілі болды