Теміртаудағы газ жарылысына қатысты тың мәліметтер белгілі болды. Таңсәріден елді дүрліктірген оқиғаға дүкенге келген сатып алушының оттық жағуы себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Теміртау қаласындағы газ жарылысы бір адамның өмірін қиды. Қайтыс болған азамат – дүкеннің 51 жастағы сатушысы. Өкінішке қарай, оның артында төрт баласы қалды. Апатты жағдайды көзбен көріп, құлақпен естіген тұрғындар жарылыстың адам шошырлықтай қатты болғанын айтып, әйелді құтқарушылардың әрең дегенде үйінді астынан алып шыққанын айтты.
– Қоқыс төгуге шықтым. Жәшікке қолымдағы тастай бергенде жарылыстың дауысын естідім. Басында түк түсінбей қалдым, құлағым шыңылдап кетті. Артыма бұрылып қарасам, дүкенде жарылыс болған екен, – деді Теміртау қаласының тұрғыны Елена Бережанская.
– Осы үйдің бұрышында тұрамын. Әйелім қайта жүрегі ауырады, үйде болған жоқ. Әйтпесе талып қалушы еді. Балам екі жаста, Алла сақтады, – деді Теміртау қаласының тұрғыны Берік Қабенов.
Ғимарат орталықтандырылған газға былтыр қараша айында қосылған. Төтеншеліктер берген ақпарға сүйенсек, апат болардан бұрын бір азамат оттық сатып алмақ болып дүкенге кірген. Тұтатып, тексермек болға кезде жарылыс болған деген болжам бар. Ал сауда нысанының иесі апатқа арнайы фирманы кінәлайды. Азаматтың айтуынша, дүкенді көгілдір отынға қосқандар сапасыз жұмыс істеген.
– Таңсәріде естіп, бірден осында келдім. Келсем, дүкенім ортасына түскен. Қайтыс болған әйел адам, әрине, өкінішті. Дүкенді 40-50 миллион теңгеге бағаласам, бұзылған екі көліктің шығыны бар. Газ үнемі тексеріліп тұрды. Біз өз тарапымыздан барлық қауіпсіздікті сақтадық. Демек, дұрыс орнатылмаған, – деді дүкен иесі Алексей Скачков.
Оқиғадан соң қала билігі де аяқтан тік тұрып, осында жиылды. Апат орнына келген Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков қаладағы үй-жайларды көгілдір отынға қосу процесі тыңғылықты жүріп жатыр дегенді алға тартты.
– Өрттің шығу себебіне 2 түрлі нұсқа қарастырылды. Баллон газы және орталықтандырылған газ. Құтқару мен авариялық жұмыстардың шеңберінде құрылыс материалдар, плиталар, кірпіштерді жинағаннан кейін, газ баллоны шығарылған. Ол жарамды және жарылған жоқ. Сол себептен екінші нұсқа қалып отыр. Нақты себебі анықталады, – деді Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.
Қазіргі таңда адам өліміне әкелген апаттың себебі анықталып, сараптама тағайындалып жатыр. Ал ауруханадағы әйелдің жағдайын дәрігерлер орташа деп бағалайды. Құтқарушылар дүкен орнын тазалап жатыр, жұмыс 90 пайызға аяқталды.
Еске салайық, таңғы сағат 8:00 шамасында болған жарылыстан 1 адамның өмірі қиылып, тағы біреуі зардап шекті.
Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Cүт безі қатерлі ісігі: СҚО-да науқастар саны артқан