Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында террористердің шабуылына ұшыраған БАҚ редакцияларына барды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алматы» телеарнасының ұжымымен кездесуде Б. Сағынтаев қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан жүргізуші Мұратхан Базарбаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Оның отбасына материалдық көмек көрсетіліп, 3 бөлмелі пәтер беріледі.
Әкім жарақат алған телеоператор Диаскен Байтибаевқа тезірек сауығып кетуін тілеп, жолдастарын эвакуациялауға көмектескен телеоператор Арсен Сандыбаевқа алғысын білдірді. Оларға материалдық қолдау, сондай-ақ одан әрі оңалтуға көмек көрсетілетін болады.
Б. Сағынтаев сондай-ақ «Алматы» телеарнасының барлық қызметкеріне тәртіпсіздік кезінде азаматтарды хабардар ету бойынша батылдық пен кәсіби міндеттерді орындағаны үшін алғыс айтты.
Қала әкімі бандалық топтардың қолынан зардап шеккен «Қазақстан», «Хабар», «Мир», «Первый канал Евразия» телеарналары орналасқан ғимараттарды аралап көрді. Техникалық тексеруден кейін қысқа мерзімде қалпына келтіру басталады.