Балаға қауіп терезеден – Алматыда ТЖБ мамандары ата-аналарға түсіндіру жұмысын жүргізді

13.05.2022 в 00:27

Мамандардың айтуынша, терезеге қойылатын қорғаныш құралының түрі көп

Балаға қауіп терезеден. Алматының ТЖБ мамандары бүгін  көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Арнайы жаднамалар таратып, қауіптің алдын алу үшін не істеу керектігін айтты.

Қарлығаш Махамбетова – 3 баланың анасы. Оның біреуі 3 жаста болса, екеуі әлі бірге де толмаған. Тұрғын үй кешенінің 14-қабатында тұрады. Терезеге баланы құлап кетуден сақтайтын қорғаныш торын әлі қойып үлгермепті. Алайда олардың қауіпсіздігіне қатты алаңдайтынын айтады.

«Мен өз басым асбөлмеде жүремін ғой, тамақ істеп, минут сайын келіп, текерем. Тыныш болып қалса болды, жүгіріп келіп қараймын. Қазір көпшілігі телефон көріп отырады. Телефонды да қою керек, баладан артық ештеңе жоқ», – деді  қала тұрғыны Қарлығаш Махамбетова

Күн жылынса болды көпшілік терезелерін ашып, үй ішін желдетуге асығады. Ал олардың басым бөлігінде арнайы темір тор түгілі, шыбын-шіркейге арналған жұқа қорғаныш та жоқ. Үлкен терезе ашық жатады. Бұл әсіресе үйінде кішкентай баласы бар отбасы үшін аса қауіпті дейді мамандар.

«Жиһаздарды терезенің алдына қоюға болмайды. Балаларды терезе алдына шығарып ойнатуға болмайды, Көпшілігі темір тор орнатпаған. Оның бағасы шамамен 5-6 мың теңге тұрады», – деді Наурызбай аудандық төтенше жағдайлар басқармасының инженері Әлішер Дүбеков.

Қазір пластикалық терезеге қойылатын қорғаныш құралының түрі көп. Бағасы да аса қымбат емес, қолжетімді. Терезе кілттейтін кішкентай құрылғы 4 мың теңге тұрады. Ал темір тордың бағасы терезенің көлеміне қарай белгіленеді. Орташа бағасы 1 шаршы метріне 5 мың теңгеден басталады екен. Көп жағдайда ата-аналар темір тор орнатуды елемей жатады. Ал бұл бала қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы