Жалақы төмен: Шымкенттің мал дәрігерлері әкімдік алдына жиналды

Almaty.tv
Almaty.tv
Олар тамызда жалақы алмапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жалақыға жарымаған Шымкенттің мал дәрігерлері әкімдік алдына жиналды. Айлықты өсіруді талап етіп жүрген мамандардың айтуынша, соңғы айда ақшасыз қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаладағы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына қарасты мемлекеттік мекемеде істейтін мамандар бір жылдан бері айлығын көтере алмай әлек. Жүз мыңнан аса теңгені қанағат етіп жүрген бұқара тамызда жалақы алмапты.  

– Басқа облыспен, мегаполиспен салыстырғанда жалақы төмен. Ай сайын төлейтін несиеміз бар. Қазір бір жарым ай болды, айлық алған жоқпыз, – деді мал дәрігері Ержігіт Байданов.

Мал дәрігерлері денсаулыққа қатысты берілуі керек қаржының да төленбегенін айтты. Қосымша төлемді Шымкенттен өзге бар аймақтың ветеринарлары алатын көрінеді.  

– Тамызда қаралған іс-шара жұмыстарына қаражат көп жұмсалғандықтан, айлық төлей алмадық. Сол себепті қыркүйекте айлықпен бірге қосылатын қосымша төлем де аударылады, – деді Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Ерлан Әденов.

Басқарма өкілдерінің сөзіне сенсек, 2024 жылы қаңтарда мал дәрігерлеріне айлықпен қоса, емделуге қажетті сома да төленеді.

Гүлмарал Изатқызы, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Атырау облысындағы тұрғындар баспана сапасына шағымданды

Новости партнеров